Оңтүстік Кореяда бір күнде 110 мыңдай адам індет жұқтырды

Ал өлім-жітім деңгейі төмен. Сарапшылардың айтуынша, бұған вакциналау көрсеткішінің артуы басты себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік мекемелер үшін коменданттық сағат санын қысқартты. Алайда бір орынға әлі де 6 адамнан артық жиналуға болмайды. Шетелден келгендер бұрынғыша 7 күнге оқшауланады. Қоғамдық орында маскамен жүру міндет. Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, шектеу кемінде 13 наурызға дейін күшінде болады. Бұл елде 9 наурызда президент сайлау өтуі тиіс.

Ли Ки-Ил, Оңтүстік Корея денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

– Індеттің өршуіне омикрон штамы тікелей әсер етті. Апта сайын жұқтыру дерегі 2 есе өсіп отыр. Шырқау шегі қашан болатыны әзір белгісіз.

АВСТРАЛИЯДА ШЕКТЕУЛЕР ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Елдің ең ірі қаласы Сидней мен басқа аймақтарда бүгіннен бастап жабық ғимараттарға емін-еркін кіруге рұқсат берілді. QR мәртебесін көрсету қауіп-қатер зор деп есептелетін орындарда ғана талап етіледі. Қоғамдық көлік, әуежайлар мен ауруханалар ішінде бетперде кию қажет. Билік алдағы уақытта шетелден келушілер үшін де шектеулер алынатынын хабарлады.

Финола Макмахон, Сидней тұрғыны:

– Шектеулердің жеңілдетілгеніне тұрғындардың көзқарасы әртүрлі. Кейбірі қуана қабылдаса, басқалары "енді қалай болар екен" деп уайымдап әлек.  Австралияда туризм ең маңызды саланың бірі. Өзім осы бағытта 30 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Туристік саладағы кәсіпкерлер шығынға белшеден батты. Оларға үкімет тарапынан қолдау ауадай қажет.