Ұлыбританияда жалақы инфляцияға ілесе алмай келеді

Ұлыбританияда жалақы көлемі артқанымен, азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасы да шарықтап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қымбатшылық кесірінен британия жұртының табысы азайған. Мәселен, инфляция деңгейі қаңтар айында 30 жылдық максимумға жеткен.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Ресми мәліметтерге сәйкес, жалақы орта есеппен 3,7 процентке көбейгенімен, азық-түлік, көгілдір отын, жарық және күнделікті тұтыну тауарларының құны 5,4 процентке қымбаттап отыр.

Табыс көлемі бұдан әрі де азая береді дейді мамандар. Англия банкі инфляция деңгейі алдағы уақытта 7 проценттен асатындығын мәлімдеді. Бүгінде Брексит пен пандемияның кесірінен елде бос қызмет орындары көп. Қараша мен қаңтар айлары аралығында 1,3 миллион маманның тапшылығы тіркелген. Жұмыс қолы жетіспеушілігінің алдын алу үшін компаниялар қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, қосымша бонустар төлеуге тырысып жатыр. Бірақ қаржыгерлер бұл тенденцияға наразылықтарын білдірді.

Эндрю Бейли, Англия банкінің басқарушысы:

Жұмыс күші тапшы болуы әбден мүмкін, бірақ инфляцияны тежеу мақсатында жалақыны өсіруге келгенде асықпаған жөн. Экономикалық теорияға сәйкес табыс көлемі артқан сайын тауарлар құны мен қызмет ақысы да қымбаттай түседі.

Кәсіподақ ұйымдары Англия банкі басшылығының бұл пікіріне үзілді-кесілді қарсы екендіктерін айтты. Даунинг стрит тіпті оған сөгіс те жариялады. Олар инфляцияны бақылауда ұстап отырудың басқа жолдары бар екендігін мәлімдеді. Оған қоса Бейлидің қарапайым қызметкерлерден 18 есе артық жалақы алатынын есіне салды.

Джон Аллан, Британия супермаркеттер желісінің төрағасы:

– Біз Ұлыбританиядағы ең ірі жұмыс берушілердің біріміз. 300 мыңға жуық қызметкеріміз бар. Оларды инфляциядан қорғау үшін әрекет етуіміз заңды деп ойлаймын. Сондықтан жалақыларын 5-6 процентке көтердік.

Ұлыбританияда қаңтардағы инфляция деңгейі 5 жарым процентке жетті. Мұндай жағдай соңғы рет 1992 жылдың наурызында тіркелген екен. Құнсызданумен күресу үшін Англия банкі «Үлкен жетілікке» мүше елдердің арасында бірінші болып, базалық мөлшерлемені 0,5 процентке ұлғайтты. Ал наурыз айында ол тағы да өсіп, жағдай күрделене түсетінге ұқсайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы