Бразилияда су тасқынынан қаза тапқандар саны артты

Бразилияда өткен сейсенбі күнгі жауыннан кейін болған су тасқыны мен лай көшкінінен опат болғандар саны артып, 136-ға жетті.

Тағы 200-ден астам тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Петрополис қаласында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік құрбандар саны артуы мүмкін екенін айтады. Бразилияның Рио-де-Жанейро аймағында өткен сейсенбі күні жаңбыр шелектеп құйып, арты тасқын мен лай көшкініне ұласқан еді. Таулы өңірде орналасқан Петрополис қаласында 70-тен астам лай көшкіні жүрген. Мамандардың айтуынша, 5-6 сағаттың ішінде бір айлық мөлшерде жауын жауған.

Жаир Болсонару, Бразилия президенті:

- Лай көшкіні жүрген жерлерді аралап жағдайды көріп шықтым. Табиғи апаттан зардан шеккен аудандар құдды бір соғыс болғандай әсер қалдырады. Жуық арада іздестіру-құтқару жұмыстарына әскерилер жұмылдырылады. Жапа шеккен тұрғындарға қолдан келген көмектің бәрін көрсетеміз.