Біріккен Корольдік 30 жылда болмаған инфляцияны бастан кешіп жатыр

Біріккен Корольдік экономикасы соңғы 30 жылда болмаған инфляцияны бастан кешіп жатыр. Күнделікті тұрмысқа қажет тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы шарықтап, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеді. Сәуір айында олар тағы қымбаттайды деген болжам бар.

Тұтыну бағаларының индексімен өлшенетін инфляция деңгейі қазір 5,5 процентке жетіп, 1992 жылдан бері болмаған рекордтық нәтижені көрсетіп тұр. Ұлыбританияның басты қаржы институты саналатын Англия банкі өмір сүру құны жылдық өсімінің ресми көрсеткіші бұдан да жоғарылап, сәуір айында шарықтау шегіне, яғни 7 процентке жетеді дейді.

Эндрю Бейли, Англия банкінің басқарушысы:

– Бұрын-соңды болмаған оқиғалардан кейін экономика өте үлкен әрі қайталана берген дағдарысқа ұшырады. Энергия тасымалдағыштар мен күнделікті тұтыну тауарлары бағасының күрт өсуі инфляция деңгейінің артуына әсер етпей қоймайды және Ұлыбританияның нақты жиынтық кірістері мен шығыстарына ықпал етеді.

Қымбатшылық халықты әлеуметтік жағдайына қарамастан өмірдің барлық салалары бойынша қысып жатыр. Әсіресе, табысы төмендер үшін қиын. Әдетте, электр энергиясы және азық-түлік сияқты бірінші қажеттіліктегі заттар олардың тұтыну қоржынының көлемді бөлігін құрайды. Билік қоғамның әлжуаз топтарына мүмкіндігінше көмектесуге тырысып жатыр.

Кэвин Холлинрейк, Ұлыбритания парламентінің мүшесі

– Үкіметтегілер аз қамтылған отбасыларға электр энергиясы үшін 350 стерлинг фунтын беріп, жылына 9 млрд фунт көлемінде қаржылай қолдап отыр. Әлбетте, бұдан да көбірек көмектескісі келеді. Бірақ ол үшін салық төлеушілерді қосымша шығынға батырулары керек болады.

Әлемдік Брент маркалы мұнай құнының қымбаттауынан бензин мен дизельді отынның да бағасы соңғы айларда шарықтап, көлік жүргізушілерінің қалтасын қақты. Үкімет жанармайға төленетін баж салығын 11 жылға тоқтатып отыр. Нәтижесінде темір тұлпары бар әрбір адам жылына 1600 фунт үнемдей алады. Бірақ жанармайдың бағасы бәрібір салмақ салып тұр.

Локдауннан кейін тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс күрт артып, осындай жағдай қалыптасып отыр. Ковидтің кесірінен тауарларды жеткізіп беру тізбегі бұзылып, қымбатшылыққа себеп болды, дейді мамандар. Мұндай жағдай әлемдегі дамыған елдердің барлығына ортақ. Бірақ Біріккен Корольдік үшін Брексит қосылып, етектен тартқан бөрідей болып тұр. Экономистердің көпшілігі ковидтің ықпалы әлсіреген сайын инфляция деңгейі де төмендейді дейді. Бірақ жағдай айтарлықтай жақсармайтынға ұқсайды.