Ғаламдық жылыну соңғы екі ғасырдағы рекордтық көрсеткішке жетті. Адамзатқа қандай қауіп төніп тұр?

Жер беті жылынып барады. Осы аптада ғаламдық жылыну кейінгі 200 мың жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары мәлімдеді. Ал Бразилияда сел жүріп, жүздеген адам мерт болды. Әлемнің әр түкпіріндегі табиғат апаттарының бір-бірімен байланысы бар ма? Жаһандық жылыну адамзатқа қандай қауіп төндіреді?

АРКТИКАДА АУА ТЕМПЕРАТУРАСЫ +12,7 ГРАДУСҚА КӨТЕРІЛДІ

Ал әлемдегі ең суық жер саналатын Арктикада ауа температурасы нөлден жоғарылап кетті. Тіпті +12,7 градусқа жетіп, кейінгі екі ғасырдағы рекордты көрсеткіш тіркелді. Мамандар өзгерісті тропикалық аймақтан жылы ауаның келуімен байланыстырды. Осы айда мұнда мұздықтардың еруі де жылдамдаған. Ғалымдар мұның соңы теңіз деңгейінің көтерілуіне әкелуі мүмкін екенін ескертіп жатыр. 2050 жылға қарай АҚШ-та теңіз деңгейі 30 сантиметрге дейін көтерілуі ғажап емес. Мұндай болжам Американың Мұхиттар мен ауа қабатын зерттеу жөніндегі ұлттық басқарма сайтында жарияланды. Мамандардың пікірінше, көмірқышқыл газы ауаға аз бөлінсе де, теңіз деңгейі көтеріле бермек. Климат зерттеушілер «су тасқыны көбейеді» деп дабыл қақты.

Пол Катлер, АҚШ ұлттық ғылыми қорының мұздықтарды зерттеу бойынша директоры:

– Алып мұздықтар бөлініп, суға айналып жатыр. Бұл мұхиттардың тұрақтылығына кері әсер етеді. Егер еру процесі осылай жалғаса берсе алдағы мыңжылдықта Антарктиканың батыс бөлігі жойылып кетуі мүмкін.

Энди Шеферд, Полярлы бақылау мен модельдеу орталығының директоры:

– Зерттеу жұмыстары тау мұздықтарындағы мұздың жалпы көлемі бұған дейінгі болжамға қарағанда 20 процентке аз екенін көрсетті. Мұз еріген сайын, өзендерге түсетін су көлемі де кеміп барады. Бұлай жалғаса берсе, өзендер мүлде жойылып кетуі әбден мүмкін.

Таза су тапшылығына әсер ететін тағы бір фактор бар. Ол табиғи су қоймаларының ластануы. Кейінгі жылдары теңіздерден дәрі-дәрмек қалдықтары жиі табылатын болды. Британиялық ғалымдар мыңдаған өзенді зерттеп, осындай қорытындыға келді. Өзендерден, әсіресе, парацетамол, эпилепсия мен диабетке қарсы дәрілер көп табылыпты. Бұл қалдықтар қоршаған ортаға ғана емес, адамдардың денсаулығына да үлкен қатер төндіреді.


ЛАЙ КӨШКІНІ: ҚАЗА БОЛҒАНДАР САНЫ АРТЫП БАРАДЫ

Бразилия жұрты қара жамылды. Толассыз жаңбыр соңы тасқынға ұласқан. Таулы аймақтағы Петрополис қаласында  жүзге жуық лай көшкіні жүрді. 130-дан астам тұрғын мерт болды. 200-дей адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бірнеше тұрғын үй қирады. Ғалымдар жаңбырдың бір айлық мөлшері небары 5-6 сағатта жауғанын айтады. Мұндай жағдай кейінгі 90 жылда болмаған. Қалада үш күн аза тұту күні деп жарияланды.

Жаир Болсонару, Бразилия президенті:

– Лай көшкіні жүрген жерлерді аралап жағдайды көріп шықтым. Табиғи апаттан зардан шеккен аудандар құдды бір соғыс болғандай әсер қалдырады. Жуық арада іздестіру-құтқару жұмыстарына әскерилер жұмылдырылады. Жапа шеккен тұрғындарға қолдан келген көмектің бәрін көрсетеміз.

ЕУРОПА ЕЛДЕРІНДЕ ДАУЫЛ БАСЫЛМАЙ ТҰР

Еуропа елдерінде де табыт тосын мінез танытты. Германияда «Иления» дауылы соғып, 3 адам опат болды. Желдің жылдамдығы сағатына 152 шақырымға жеткен. Әуе рейстері кейінге шегеріліп, темір жол қатынасы тоқтады. Синоптиктер кәрі құрлыққа «Юнис» дауылы да жақындап келе жатқанын айтты.

«ЮНИС» ДАУЫЛЫ СОҚТЫ 

«Юнис» дауылы Нидерландта 3 адамның өмірін жалмады. Марқұмдардың екеуі ағаш басып қалған. Мұнда  жел екпіні сағатына 130 шақырымға жеткен.

Ұлыбританияда қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Тұрғындарға себепсіз сыртқа шықпауға кеңес берілді. Елдің оңтүстік-батысында электр сымдары үзіліп, 50 мыңға жуық үй жарықсыз қалған. Уэльсте мектептер жабылып, пойыз қозғалысы тоқтады. Аймақтағы әскерилер жоғары дайындық режиміне көшкен.

КАЛИФОРНИЯДА ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ

Ал Солтүстік Америкадағы АҚШ-ты қуаңшылық жайлап барады. Осы қаңтар Калифорния штаты үшін 38 жылдан бергі ең құрғақ ай болды. Қазір өңірде жауынды маусым. Бірақ синтоптиктер алдағы үш айда жауын шашын болуы екі талай деген болжам жасады. Ресми мәлімет бойынша штаттың 99 процентін қуаңшылық жайлаған. Табиғат жанашырлары өзен көлдерді, ондағы тіршілікті сақтап қалуға жанталасып жатыр.

Эндрю Райпел, Калифорния университетінің профессоры:

– Осыдан 300 жыл бұрын бұл жерде алып өзен болған. Балықтың сирек кездесетін түрлері бар еді. Қазір көбі жойылып кетті. Елдегі күріштің де басым бөлігі осы штатта өсірілетін. Қазір егіс алқабы азайып жатыр. Біз балықты егіс алқабында болса да өсіріп, тұқымын сақтап қалуға тырысып жатырмыз.

Талғатбек Әбдіқожа