Грузияда індет бәсеңдеп, туризм жандана бастады

Грузияда туризм қайта жандана бастады. Саяхат саласындағы кіріс, қаңтар айында 114 миллионға жетіп, былтырғымен салыстырғанда 11 есе артты. Қазір елде шектеулер алынып жатыр. Себебі омикронның таралуы бәсеңдеп, науқастар саны азайған.

Грузияда пандемия енді туристер үшін кедергі емес. Шектеулер жеңілдетіліп, қаңтар айында елге 170 мың саяхатшы келді. Бұл 2019-шы жылдың алғашқы айының көрсеткішінен 30 процентке ғана аз. Сол жылы грузин жеріне 9 миллионнан аса турист келіп, жылдық табыс 3 миллиард доллардан асып кеткен еді.

Медея Джаниашвили, Грузия ұлттық әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы:

– Қаңтарды өте жақсы жетістікпен бастадық. Мұны туризмнен түскен кіріс пен қонақтар санына қатысты айтуға болады. Әрине мұндай жетістікке қол жеткізуімізге бірнеше фактор ықпал етті. Мысалы елге кіруге шектеу алынып тасталды. Бұл туризмді қайта қалпына келтіруге өте жақсы мүмкіндік.

Қазір үкімет шектеулерді жеңілдетуді жалғастырып, сарапшылар туризмнің жаңа бағыттарын әзірлеп жатыр. Мысалы, 2 жылдық үзілістен кейін наурыздың 5-інен басталып түнгі клубтарға қайта жұмыс істеуге рұқсат берілмек.

Кристина Миндадзе, Тбилиси тұрғыны:

– Менің ойымша түнгі клубтарды ашу ерте. Өйткені коронавирус қауіпі сейілген жоқ. Осымен қатар жасыл төлқұжат тәртібін тоқтатқаны да ұнамайды. Бірақ елімізге туристер көптеп келетін болды.

Виссарион Багдасаров, Тбилиси тұрғыны:

– Мен түнгі клубтарды ашатынына қуаныштымын. Себебі, адардардың көбі уақытын қайда барып өткізетінін білмей қиналушы еді. Сондықтан бұл дұрыс шешім болды.

Эпидемиологтар індеттің алтыншы толқыны бәсеңдей бастағанын айтады. Сондықтан жергілікті үкімет бұған дейін ел экономикасы кірісінің 10 процентін құрап келген саланы тез қалпына келтіруге үмітті.

Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили