Ресей мен Беларусь әскери жаттығуды жалғастырады

Беларусь пен Россия бірлескен әскери жаттығуларды жалғастыруға шешім қабылдады.

Ресми Минскінің мәлімдеуінше, бұған Донбастағы жағдайдың ушығуы себеп. Аталған жаттығулар 10 ақпанда басталған болатын. Сол кездегі жоспар бойынша кеше аяқталуы тиіс еді. АҚШ үкіметінің мәліметі бойынша қазір Украина шекарасының маңында 190 мыңдай әскер тұр. Ресми Мәскеу Украинаға қарсы соғыс ашу туралы күдікті жоққа шығарып келеді. Соңғы күндері Донбаста снарядтар тасталып, атыс қимылдары тіркелді.

Виктор Хренин, Беларусь қорғаныс министрі:

- Негізі жаттығулар аяқталған еді. Бірақ Ресей мен Беларусь президенттері бірлескен әскери іс-шараларды жандандыру туралы шешім қабылдады. Бұл амалдар ең алдымен соғысты болдырмауға бағытталған. Біз соғысты қаламаймыз.  

Байден Украинаның ұлттық қауіпсіздік кеңесімен кездесті 

АҚШ президенті Украинаның ұлттық қауіпсіздік кеңесімен кездесті.

Ақ үйге сілтеме жасаған Рейтер агенттігінің хабарлауынша, басқосуда Ресейдің украин шекарасындағы іс-қимылы пысықталған. Осының алдында Байден Франция президентімен тілдескен болатын. Одан кейін Эммануэль Макрон Путинмен және Зеленскиймен сөйлесті.