Сарапшылар: Түркиядағы демалыс екі есе қымбаттауы мүмкін  

Көктемде Түркиядағы демалыс бағасы қымбаттайды деген болжам бар. Бәріне ұлттық валюта – лираның құнсыздануы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан жыл басынан бері электр энергиясы күрт қымбаттаған. Ол аздай азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Соған байланысты қонақ үй иелерінің шығындары да артқан. Жергілікті Дунья басылымы мейманханаларда электр энергиясының құны 2 есе өскенін хабарлайды. Сондықтан олар қазірдің өзінде бағаны көтеруге мәжбүр болып отыр.

Фарух Элмалы, «Turder» туристік қауымдастығының төрағасы:

– Әлемнің өзге елдеріндегідей Түркияның қызмет көрсету секторында да баға қымбаттады. Инфляцияның өсуі салдарынан жұмысшылардың жалақысы секілді өзге де шығын артты. Сондықтан туризм секторында да баға өзгереді. Дегенмен демалыс үшін дәл біздің елді таңдайтын мемлекеттер тізімі белгілі. Ол елдің азаматтарына баламалы жолдарды ұсынамыз. Мәселен, алдын ала брондау арқылы айтарлықтай жеңілдікке қол жеткізуге болады. Жалпы биылғы маусымның демалыс бағасы былтырмен салыстырғанда 30-40 процентке жоғары.

НАУРЫЗДА САЯХАТШЫЛАР ҮШІН ШЕКТЕУ ЖЕҢІЛДЕТІЛЕДІ

Туризм – Вьетнам экономикасы үшін маңызды саланың бірі. Егер пандемияға дейін мұнда 18 миллион демалушы келген болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 150 мыңға да жетпеген. Сондықтан билік туризмді қалпына келтіру үшін өткен жылдың соңында арнайы пилоттық жобаны іске қосқан еді. Қатаң сантиралық хаттамаларды сақтау арқасында мұнда 9 мыңға жуық шетелдік демалушы келіпті. Сарапшылар жоба оң нәтижесін бергенін айтады. Сондықтан үкімет енді әлемнің 101 елінің саяхатшысы үшін шектеу шараларын жеңілдету жобасын мақұлдады. Тиісті ереже 15 наурызда күшіне енеді.

ДУБАЙ – 2022 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ БАҒЫТЫ    

Ал Дубай 2022 жылдың ең танымал бағыты деп танылды. Рейтингті «Трипэдвайзор» саяхатты онлайн брондау порталы жасаған. Осылайша әмірлік бұл тізімде Лондонды, Бали мен Крит аралдарынан басып озған. Сарапшылар Дубайдың осыншама танымал болуын коронавирусқа қарсы вакциналаудың жоғары көрсеткіштері және қылмыстың төмен деңгейімен байланыстырып отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева  

Сондай-ақ...