Грузияда туризм қайта түлей бастады   

Грузия экономикасының 10 процентін туризм толтыратын. Сондықтан билік жақын арада саланы қайта жандандыруды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қазір елде коронавирустың алтыншы толқыны бәсеңдеп келеді. Қаңтарда мұнда 170 мыңнан аса шетелдік демалуға барған. Тұрғындары үшін Грузия танымал туристік бағыт саналатын 10 елдің қатарында Қазақстан да бар. Билік саланың бойына қан жүгірте бастағанын айтады. Сөйтіп өткен айда сектордағы пайда көлемі 114 миллион долларға жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 11 есе көп. Қазір елде шектеу шараларының көбі алынып тасталған. Тек жаппай іс-шаралар өткізбеу және маска тағу талабы сақталады.

Медея Джаниашвили, Грузия ұлттық әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы:

– Қаңтарды өте жақсы жетістікпен бастадық. Мұны туризмнен түскен кіріс пен қонақтар санына қатысты айтуға болады. Әрине мұндай жетістікке қол жеткізуімізге бірнеше фактор ықпал етті. Мысалы елге кіруге шектеу алынып тасталды. Бұл туризмді қайта қалпына келтіруге өте жақсы мүмкіндік.