Қырғызстанда дәрігер дайындайтын 17 оқу орыны жабылып қалуы мүмкін

Қырғызстан билігі елдегі дәрігерлерді дайындайтын 17 жекеменшік оқу орынын жабуға ниетті. Мұны елдің денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев ұсынды. Басты себебі бұл мекемелердің оқу стандарттарына сәйкес келмеуі. 

Денсаулық сақтау министрінің қойған басты кінәраты жекеменшік оқу орындарында клиникалық базаның болмауы. Яғни бұл мекемелерде операция жасайтын және оқытатын арнайы бөлмелер мен зертханалар жоқ. Жалпы Қырғызстанда 23 медициналық оқу орыны бар. Оның алтауы мемлекет меншігінде. Жекеменшік оқу орындарында білім берудің сапасы төмен екені бұрыннан айтылып жүр. 

Айбар Сұлтанғазиев, денсаулық сақтау саласының сарапшысы:

- Берілетін лицензияларға талаптарды көтеріп, оны беру ережелерінің түгелін қайта қарастыру керек. Сонда бәсекелес жолмен нарықта тек оқудың жоғары стандарттарына сай келетін мекемелер қалады. Сөйтіп, олар мемлекеттік медициналық мекемелерге де бәсеке құра алады. 

Медициналық оқу орындары санының артуына басты себеп пайда табу болып отыр. Қырғызстанда орта шамамен 20 мың шетел студенті оқып жатыр. Негізінен бұл Үндістан мен Пәкістан азаматтары. Ел экономикасына жыл сайын шетел студенттерінен 100 миллиондай доллар қаражат түседі. Бұл оқу ақысымен қатар пәтер жалдау, азық-түлік сатып алу мен өзге қажеттерге жұмсалатын қаржы. Ал нағыз өндіріске айналған медициналық білім беру саласы енді күйреуі ықтимал.

Мұратбек Сұлтанбеков, психотерапевт:

- Осы 17 оқу орынын жапқанымен орнына бірден сапалы мекемелер пайда болмайды. Жалпы мәселені терең қозғап, себептерін анықтау қажет. Ал жапса, студенттері не істейді? 

2020 жылы Пәкістан билігі Қырғызстанның медициналық оқу орындарын қара тізімге қосты. Болашақ дәрігерлерге берілетін білім сапасы көңілінен қалды. 2021 жылы ақпан айында өткен үкіметаралық келіссөздер нәтижесінде пәкістандық студенттер бұрынғыша оқи береді деп шешілді. Алайда қырғызстандық оқу орындары арнайы классификациядан өтетін болды. Ал денсаулық сақтау министрі 1 сәуірге дейін оқу орындары барлық олқылықтарын түземесе, лизенциялары тартылып алынатынын ескертті. 

Бақыт Чермашев