Британия қалталы мигранттарға арналған «алтын виза» бағдарламасын тоқтатты

Ұлыбританияда қалталы мигранттарға арналған «алтын виза» бағдарламасы тоқтады. Ел билігі осылайша «заңсыз қаржыландыру және алаяқтықпен күресті жандандырмақ». Ал визаға бұған дейін қол жеткізгендердің мәселесі май шаммен қаралады. Тіпті құжаттарының күші жойылуы мүмкін.

Айта кетейік, дәулеті тасығандардың арасында жүздеген Қазақстан азаматы бар.

Ғалымжан Қараманұлы  тілші:

- «Алтын виза» деп аталып кеткен Инвестор визасын алу үшін шетелдік азамат жергілікті экономикаға 2 миллион стерлинг фунты, яғни 1 миллиард теңгеден астам инвестиция құюы керек болатын. Ол қаражаттың қандай жолмен келгендігі бұған дейін мұқият тексерілмеген болып шықты. Үкіметтегілер 6 мыңнан астам визаны қайта қарауға бекініп отыр. Британиялық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұйымының мәліметінше, «алтын виза» иегерлерінің 300-ге жуығы қазақстандық. Ал басым көпшілігі қытайлықтар мен ресейліктер. Ресей-украин қарым-қатынасы шиеленіскен тұста «алтын визаларға» қатысты пікірталастар қайта жанданды. Енді міне Инвестор визасын беру тоқтатылсын деген шешім қабылданып отыр.

Прити Патель, Ұлыбритания ішкі істер министрі:

- Бүгін мен заңсыз қаржы айналымына жол ашатын Инвестор визасына тосқауыл қойдым. Клептократтар мен жемқор элиталар біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді және оларға Ұлыбританияда есік жабық.

Инвестор визасы 14 жылдан бері беріліп келеді. Оны барлығы 12 мыңға жуық бизнесмен иеленіп үлгірген. Бұл виза Лондонда ақшасының ізін жасырып, қымбат жылжымайтын мүліктер сатып алуға құмар қалталылар арасында зор сұранысқа ие, дейді мамандар. Виза беруді доғару туралы мәселе бұған дейін де көтеріліп келген.

Крис Брайант, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:

- Біз бұл визаның берілуін бұған дейін тоқтатуымыз керек еді. Бірақ Украинадағы жағдайдан кейін ғана қолға алдық. Осы уақыт аралығында байлыққа заңсыз жолмен жетіп, жемқорлыққа жол бергендердің біразы қазір елде тайраңдап жүр. 

Бизнесмендер мен олардың отбасыларына виза рәсімдеуге көмектесіп келген заңгерлер «бұл қате шешім» дейді. Олар үкіметтегілерді райынан қайтуға шақырады. Виза беруді тоқтату арқылы орасан нұқсан келеді-мыс. Өйткені соңғы он жылда ел экономикасына орта есеппен 17 млрд стерлинг фунты көлемінде инвестиция құйылыпты.

Ғалымжан Қараманұлы