Болгариядағы турнирде қазақстандық 11 боксшы жартылай финалға шықты

11 боксшымыз жартылай финалда.  Болгария астанасында бокстан халықаралық турнир жалғасып жатыр. Осымен 73-рет ұйымдастырылған «Странджа» бәсекесі жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Жарыстың кезекті күні 11 боксшымыз жартылай финалға жолдама алып, қоржынға кемінде 11 медаль салды.

Атап айтқанда, Санжар Ташкенбай, Дамир Әбдіқадыр, Тимур Қабдешов және Абзал Құттыбековтар барлық қарсыласын ұтты. Дәл осылай ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай да жеңіліссіз келеді. Ал қыздар арасында Назым Кызайбай, Дина Жоламан, Римма Волосенко және Дариға Шәкімова жарысты жалғастырып жатыр. Бұған қоса Надежда Рябец пен Ләззат Күнгейбаева сәтті өнер көрсетті.

Айта кету керек, тізім тағы толыға түсуі мүмкін. Өйткені бүгін ширек финалда бірнеше жерлесіміз өнер көрсетеді. София қаласындағы турнир 29 ақпанда дейін жалғасады.