Ресей әскерилері Киевті бомбалауды жиілетті

Ресей Украинаға қарсы әскери қимылдарға көшкелі Киевті бомбалауды жиілеттті. Ақпарат көздері осылай жазып жатыр. Кеше шаһар билігі әуе шабуылы қаупін жариялады. Соңғы мәлімет бойынша бүгін Киевтің шетіне зымыран түсіп, 16 қабатты үй өртеніп, 8 адам жараланған. Тағы 150 тұрғын эвакуацияланды. Украина билігі қала шетінде Ресейдің бір ұшағы атып түсірілгенін айтады. Бірақ Ресей бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ал ұрыс алаңындағы ақпарат әртүрлі. Екі тараптан да адам өлімі бар.

Бұл Киевтегі қазіргі жағдай. Ресей күштері Украинаға басып кіргелі Киевте әуе дабылы шабуылы жиі қосылып, тұрғындар арнайы орындар мен метроларды паналауға мәжбүр. Себебі Ресей әскері шаһарды қанатты және баллистикалық зымырандармен атқылауға көшкен. Солардың бірі тұрғын үйге түскен, жарақат алғандар бар.

Юрий Жыханов,тұрғын:

- Таңғы 4-тер шамасында анамның «тұр» деп айғайлаған дауысынан ояндым. Қарасам айналаның бәрі түтін, дабыл қағылып жатыр. Заттарымызды алып, дереу далаға шықтық. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл әскери нысан емес. Тұрғын үй.

Ал соңғы мәліметке қарағанда Ресей күштері Киевке жақындап қалған. Оларды өткізбес үшін украин сарбаздары қалаға жақын көпірді жарып жіберген. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин елге Беларусь жақтан кірген Ресей жасақтары Киевтен 32 шақырымдай жерде тұрғанын айтады. Сумск облысы әкімшілігінің басшысы да ресейлік әскерилер аймақтың барлық ірі қалаларын қоршап, Киевке қарай бара жатыр дейді. 

Дмитрий Живицкий, Сумск облысы әкімшілігінің басшысы:

- Қазір Сумск облысындағы жағдай ауыр. Біздің 27-зеңбірекшілер бригадасы жаумен кескілескен шайқас жүргізіп жатыр. Ахтыкарка қаласы маңында 2 рет тойтарыс берілді.  Өкінішке орай, Сумск облысындағы мекендердің бәрі қоршалған. Сумы қаласынан әскери техника Киевке қарай бет алып жатыр. Батысқа қарай өте көп техника өтті.

Кескілескен ұрыс Украинаның әр аймағында жүріп жатыр. Елдің бас штабының мәлімдеуінше, Украина күштері Ресейдің 7 ұшағы мен 6 тікұшағын, 30-дан астам танкісін талқандап, 800-дей сарбазының көзін жойған. Бірақ Қара теңіздегі Змейиный аралы үшін шайқаста 137 жауынгерінен айырылып, аудан Ресей жасақтарының бақылауына өткен. Чернобыль аймағы да Ресей әскерінің қолына көшті. 

Денис Шмыгаль, Украина премьер-министрі:

- Өкінішке орай, Чернобыль аумағы мен атом электр станциясының барлық нысандары Ресей әскерінің бақылауына алынды. Аймақ басшылығының мәліметі бойынша құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ресей Қорғаныс министрлігі болса адам шығыны туралы ақпаратты растаған жоқ. Керісінше өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының күштері Украина әскеріне соққы беріп жатқаны айтылады. Ведомство 150 Украина сарбазының өз еркімен берілгенін хабарлады.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Арнайы әскери операция жалғасып жатыр. Осы сәтке дейін Ресей Қарулы күштерінің алдына қойылған барлық тапсырмалар сәтті орындалды. Украинаның 83 әскери нысаны істен шығарылды, 2 Су-27, 2 Су-24 ұшақтары, бір тікұшақ және 4 "Байрақтар" өздігінен ұшу аппараты жойылды.

Ал батыс ақпарат құралдары Ресей күштері Киевті бірнеше күн ішінде бақылауға алады деген сыңайдағы ақпаратты жариялай бастады. Бірақ украиналықтар берілуге ниетті емес. Жақында Қорғаныс министрлігі қаланы қорғаймын деушілерге қару берілетінін хабарлады.

Дәурен Ақашұлы