Ресейдің шекаралас аймақтарына Украина әскері шабуыл жасағаны жайлы ақпарат тарады

Әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Ресейдің оңтүстік өңірлерінде 150 мыңға жуық жолаушы ұшып кете алмай отыр. Ал шекаралас аймақтарда атыс болғаны хабарланды.

Дана Нұржан, тілші:

- Расында Ресейдің шекаралас аймақтарына Украина әскері шабуыл жасады деген ақпарат тарады. Бүгін таңғы сағат 7-де Дондағы Ростовтан 10 шақырым жердегі Миллерово қаласының жанында орналасқан әскери аэродром шабуылға ұшырады деп хабарланды. Жараланған адамдар бар сияқты, әзірге Ресей билігі бұл туралы нақты ақпарат таратқан жоқ. Тергеу комитетінің мәліметтері бойынша Белгород облысындағы бірнеше аймақта Украина жақтан оқ атылды. Бірнеше тұрғын жарақат алды. Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның 118 әскери нысанын жойғанын мәлімдеді. Оның ішінде он бір әскери ұшақ, он төрт С-300 зениттік-зымырандық жүйе бар. Ресей әскерилері Украина қалаларына шабуыл жасалмайтынын ескертіп, жергілікті халыққа оқ атпаймыз деп сендіруге тырысты. Ресей бұл әрекеттерді Украинаны әскерисіздендіруге арналған әскери операция деп атайды. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің басшысы Сергей Лавров мәлімдеді. Ал шекаралас аймақтардағы ахуалға қайта оралсақ, Ростов облысына ағылған босқындар нөпірі тоқтар емес. Ол туралы соңғы деректерді тыңдайық.

Сергей Тюрин, Ростов облысы өңірлік саясат министрінің орынбасары:

- Соңғы тәулікте 7 мыңнан астам азамат шекара асты. 96 уақытша орналастыру орталықтарына 6000-нан астам ЛНР мен ДНР-дан келген азаматтар орналастырылды, облыста барлығы 12000 адамды қабылдай алатын 175 уақытша орналастыру пункттері дайын. Ресейдің 15 аймағына 20 пойызбен 12 мыңнан астам адам жіберілді.

- Шекара аймақтарындағы әуежайлар әлі жабық па?

Дана Нұржан, тілші

- Әуе кеңістігі әлі жабық. Азаматтық ұшақтар шекаралық аймақта кем дегенде 2 наурызға дейін ұша алмайды. Геленджик, Симферополь, Элиста, Анапа, Краснодар, Брянск, Белгород, Курск, Липецк, Воронеж және Ростов әуежайларының жұмысы тоқтатылды. 150 мың Ресей азаматы бұл аймақтардан ұшып кете алмай отыр. Жергілікті билік бұл адамдарды жұмыс істеп тұрған басқа әуежайларға апаруды немесе теміржол арқылы тасымалдауды ұсынды. Қосымша пойыздар ұйымдастырылды. Бұл жағдайды санкциялар одан сайын қиындатып отыр. Ұлыбритания үкіметінің ресейлік әуе компанияларға қатысты шектеулеріне жауап ретінде Ресей британдық ұшақтардың өз әуе кеңістігі арқылы ұшуын шектейді. Бұл транзиттік рейстерге де қатысты. Жалпы Мәскеу Батысқа қарсы санкциялар пакетін дайындағанын айтты. Бұл туралы Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко мәлімдеген еді, бірақ бұл нақты қандай шаралар екені әлі белгісіз.

Сондай-ақ...