Түркияда нан қымбаттауы мүмкін

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс Түркияға да оңай соқпайды. Анадолы жерінде нан мен ұн қымбаттайды деген болжам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені негізгі дақылды осы екі елден сатып алады. Былтыр Түркия шетелден сатып алған бидайдың 70%-ін Ресейден, 15%-ін Украинадан импорттаған. Әзірге баға қалыпты. Дегенмен Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушыға берсе, бір бөлке нанның бағасы 5 лираға дейін жетеді деген долбар бар. Тіпті кейбір оппозициялық саясаткерлер  25 лираға дейін өседі дейді. Қазір бір бөлке 2 жарым лира шамасында.

Оғұзхан Ақйенер, Түркия энергетикалық стратегиялар және саясатты зерттеу орталығының басшысы:

– Жағдайға байланысты нан қымбаттайды. Алайда кейбір кісілердің айтқаны секілді 25 лира емес. Жергілікті дақылдар да бар. Түркия дәнді дақылдарды импорттау бойынша балама жолды іздестіруі мүмкін. Түркі тілдес мемлекеттерден алуға болады. Мәселен, Қазақстан бұл тұрғыдан маңызды. Импорттың бағасы өсуі ықтимал. Басқа тұстан, ауыл шаруашылығында қолданылатын энергияның да құны өсті. Бұл әсер етпей қоймайды. Сондай-ақ Ресей мен Украина – егінде қолданылатын тыңайтқыштарды өндіруші елдердің бірі. Әрине бұл факторларды ескерсек, бидайдың бағасы қымбаттайды. Мәселен, Анкарада нанның бағасы 2,25 лира болса, ол 5 лираға дейін өсуі мүмкін. Дегенмен еліміз оның бағасын 4 лираға дейін түсіретініне сенімдімін.

Қазіргі уақытта Ресей мен Украина әлемдегі 30% бидай, 30% арпа, 20% жүгері мен 70%-тен астам күнбағыс өнімдерін экспорттап отыр. Егер бұл нарықтан мән кетсе немесе Қара теңіз порттарында экспорт тоқтап қалса, дүние жүзінің тамақ өнеркәсібі шикізатты өзге елдерден іздей бастайды. Ал бұл нарық қалыптасқанша, қиындықтар тууы әбден заңды дейді сарапшылар.