Ұлыбритания үкіметі украиналықтырға өз қолдауын білдірді

Украинадағы жағдайдан кейін Ұлыбританияда бензин мен дизель отыны күрт қымбаттап кетті. Көгілдір отын құнының көтерме бағасы да шарықтап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде жылу ақысы бағасының да өсетін түрі бар. Ұлыбритания премьер-министрі өз кезегінде Ресейге қарсы қатаң экономикалық санкциялар пакетін енгізді. Санкциялардың салқыны Белоруссияға де тиеді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілш:

– Осы аптада жанар майдың бір литрі шамамен 1 жарым фунтқа, яғни 900 теңгеге бағаланды. Ресей Сауд Арабиясынан кейінгі әлемдегі екінші ірі мұнай экспорттаушысы және жетекші табиғи газ өндірушісі. Ұлыбритания шикі мұнайдың 6%-ін, ал газдың 5%-ін Ресейден алады.

Саймон Уильямс, Корольдік автомобиль клубының өкілі:

– Ресей мен Украина қатынастарының шиеленісуі мұнай нарығын тұрақсыз етіп тұр. Жағдай күрделенсе, қорларымыз сарқылуы мүмкін.

Батыс елдері ресейлік мұнай мен газдан бас тартуы керек. Бұл Путинге ұзақ уақыт билік берген Еуропаның ұжымдық тәуелділігіне нүкте қояды. Ұлыбритания үкімет басшысы Борис Джонсон осылай деді. Ол Германияның «Солтүстік ағын-2» газ құбырын рәсімдеуді тоқтата тұру туралы шешімін құптады. Бұдан бөлек премьер-министр Ресейге қарсы қатаң санкциялар пакетін енгізді. «Аэрофлот» әуе компаниясы енді Лондонға ұшпайды. Ресейлік ВТБ және басқа да банктердің активтері толығымен тоқтатылады. Ресей президентіне және сыртқы істер министріне жеке санкциялар енгізіледі. Борис Джонсон өз мәлімдемесінде орыс және украин тілдерінде де сөйледі.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Мен бұл соғыстың сіздердің аттарыңыздан жарияланғанына сенбеймін. Әлемге еркін және егемен Украина қажет. Әскери операция екі ел үшін де қайғы әкеліп жатыр. Президент Владимир Путиннің шешімі Ресейдің толық оқшаулануына себепші болып отыр.

Борис Джонсон Еуропадағы НАТО-ға әскери қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті. Ол сондай-ақ, НАТО-ға мүше елдерді Ресейді SWIFT халықаралық банкаралық жүйесінен ажыратуға шақырды. Қазір Даунинг стриттегі резиденция үстінде Украина туы желбіреп тұр. Осылайша Ұлыбритания үкіметі украиналықтырға өз қолдауын білдіріп отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы