Ресейде рубль құлдырап, банкомат алдында ұзын кезек пайда болды

Рубль бағамы құлдырап, банкоматтар алдында ұзын кезек пайда болды. Банк карталарымен төлеу қиындап, тауар бағасы қымбаттап кетті. Ресей тұрғындары экономикалық санкциялардың зардабын тарта бастады. Мәскеудегі тілшіміз қаланы аралап, тұрғындардың пікірін біліп келді. 

Қазірдің өзінде Ресей тұрғындары бір триллион 400 миллион рубль қолма-қол ақшаны шоттарынан шығарып алды. Осыдан бір күн бұрынғы рекордтан 12 есе асып кетті. Жеке тұлғалар мен компаниялардан қолма-қол ақшаға сұраныс өте жоғары. Шаһардағы барлық банкоматтар алдында ұзын кезек тұр. Валюта айырбастау орындарындағы бағам ресми бағамнан едәуір жоғары. Қор нарығындағы сауда кешке дейін тоқтатылды. Бүгін Ресей Орталық банкі есеп мөлшерлемесін 20%-ке дейін көтерді. Бірден ипотека мөлшерлемесі де өсіп кетті. Кей банктер ипотекалық несие беруді доғарды. Жуырда Еуроодақ Ресей Орталық банкінің активтерін бұғаттап тастады. Бұл халықаралық резервтердің жартысына қатысты. Ұлыбритания да Ресейдің Орталык банкі және қаржы министрлігімен ақша операцияларын жүргізуге тыйым салатынын жариялады.

БЛИЦ

- Бұл масқара ғой. Ең алдымен Ресей үшін. Дүниеден безгендерге айналдық. Доллар 128 рубльге сатылып отыр. Кеше 75 еді.

- Бұл сұмдық, инфляция шарықтап кетіп, бар заттың бағасы өседі. 

- Ресейде тұратын әр адамға әсер етеді. Елдің әр тұрғыны кері әсерін сезеді.

- Google pay істемей тұр. Білмеймін бұл санкциялар ма? Ақшамды шығара алмай отырмын.  

Азық-түлік дүкендерінде дүрбелең байқалмайды. Дегенмен, қымбаттайды деп, орыстардың көбі қамданып жатыр. Ресейге жартылай өткізгіштер, компьютерлер мен бағдарламалық жасақтау экспортына тыйым салынғандықтан техникаға сұраныс күрт өстіп кетті. Автокөліктерге сұраныс 33 процентке артып, бағасы 20-30%-ке өсті. Алдағы уақытта Ресей тұрғындарының тұрмысы одан сайын қиындайтын түрі бар. Ал Кремль халыққа әлеуметтік қолдау шараларын енгізу әлі ерте дейді. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

Сондай-ақ...