Украина – Ресей келіссөзінің алғашқы кезеңі аяқталды

Беларусьте Ресей мен Украина келіссөзінің бірінші кезеңі аяқталып, тараптар кездесудің екінші раундын өткізуге келісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 сағатқа созылған алғашқы отрыста талқыланған басты мәселе – атысты тоқтату болды. Тараптар бір-бірінің ұстанымдарымен танысып, қарастыруға татырлық ортақ мәселелерді анықтады. Кремльдің негізгі талаптары – Қырымды Ресей аумағының бір бөлігі деп танып, Украинаның әскері мен қару-жарағының көлемін шектеу. Бұдан бөлек елдің әскери-өнеркәсіп кешенін таратып, Украинада ұлтшыл ұйымдарға тыйым салуды және демилитаризациялауды сұраған. Сонымен қатар аумақта шетел әскерін орналастыруға тыйым салып, елдің еш одаққа кірмей бейтарап болуын қалайды. 

Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:

– Келіссөз барысында тараптардың ортақ ұстанымдарын көрсететін тұстарды анықтадық. Ең бастысы келіссөзді жалғастыруға келістік. Келесі кездесу таяуда Польша мен Беларусь шекарасының маңында өтеді.

Ал Украина Ресей Қырым мен Донбасстан әскерін толықтай шығарып, бұл аймақтардың Украинаға қайтарылуын талап етіп отыр. Сонымен қатар Донецк мен Луганск халықтық республикаларын танудың күшін жоюды сұраған. Украина тарапы қазір басқосуда қарастырылған мәселелерді талқылауға кірісіп те кеткен.

Михаил Подоляк, Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі:

– Тараптар келіссөзде талқыланған мәселелердің жүзеге асырылу жолдарын қарастыру үшін елдеріне оралды. Көп ұзамай келіссөздердің екінші раунды өтеді. Оның барысында осы тақырыптарды нақты жүзеге асыруды талқыламақ ойдамыз.