Киевте әуе дабылы қайта қосылды 

Украина әскерилері қаланы шабуылдан қорғап жатқанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының алдында президент Владимир Зеленский Харковь қаласын Ресей күштері атқылағанын мәлімдеген болатын. Ол мұны әскери қылмыс деп атады. Харковьтің біраз бөлігі жарықсыз және жылусыз қалған. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, елде жаудың оғынан тұтанған 24 өрт сөндірілген. Сондай-ақ билік десанттардың жерге қонуға әрекет жасап жатқанын алға тартады.

Олег Синегубов, Харковь облысы әкімшілігінің басшысы:

– Бүгін Харковь қаласына бірнеше «Град» қанатты зымыраны атылды. Құрбандар арасында бейбіт тұрғындар бар. Біз беріспей, соғысып жатырмыз.

ГОРЛОВКАНЫҢ 60% ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ   

Өзін-өзі жариялаған Донецк Халық Республикасының басшысы Денис Пушилин Горловка және Донецкі атқыланып, 5 бейбіт тұрғынның ажал құшып, 16 адамның жараланғанын хабарлады. Украина әскерінің шабуылы салдарынан Горловка қаласының 60 проценті жарықсыз қалған. Сондай-ақ су сүзетін және соратын станцияларға зақым келген. Бұдан басқа, 70 мыңнан астам тұрғын сусыз отыр.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– 311 танк пен басқа бронды соғыс көлігі, 42 ұшақ пен тікұшақ, 51 реактивті оқ ату жүйесі, 147 зеңбірек пен миномет, 263 арнайы әскери техника талқандалды. Соңғы 1 күнде 110 украин сарбазы өз еркімен берілді.