Украина президенті: Ресей – террорист мемлекет

Украинадағы қанды қырғын әлі жалғасып жатыр. Әзірге басылар түрі жоқ. Украина қорғаныс министрлігі кеше түнде елдің ірі қалаларында кескілескен ұрыс болғанын айтады. Ал Ресей қорғаныс ведомствосы алғаш рет тікұшақтардың Украина техникаларына қарсы іс-қимылын көрсетті.

Украинада қарулы қақтығыс әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Харьков қаласының қақ ортасында болған жойқын жарылыстан алдын ала мәліметке сәйкес, 6 адам жарақат алыпты. Ал Владимир Зеленскийдің айтуынша, ондаған адам көз жұмған.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Харьковқа, Еуропаның ең үлкен ауданына, қанатты зымыранмен соққы жасалды. Салдарынан ондаған адам құрбан болды. Украина халқының таңы, міне, осылай басталды. Харьковтың орталық алаңына жіберілген зымыран – ашық террор. Мұны ешкім кешірмейді. Ешкім де ұмытпайды. Осындай әрекеттен кейін Ресей террорист-мемлекет.

Әзірге Ресей қорғаныс министрлігі болған оқиғаға қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Ведомство басшысының айтуынша, соққы тек әскери нысандарға жасалып жатыр. Шойгу, сондай-ақ, Ресей әскерінің Украинадағы арнайы операциясы алға қойылған мақсатқа жеткенге дейін жалғасады деп мәлімдеді. Жуырда аталған ведомство украинаның әскери нысандары мен техникаларына жасалған әуе соққыларының видеосын жариялаған болатын.

Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:

– Біз үшін ең бастысы – Ресей Федерациясын Батыс елдерінен келер әскери қауіптен қорғау. Қазір украин халқы оны біздің елге қарсы қолданып қалуға тырысып жатыр.

Рейтерс агентігінің хабарлауынша, қазір ресейлік әскери техникалардың ұзын колоннасы Киевке қарай кетіп барады. Бұл - америкалық «Максар Технолоджис» (Maxar Technologies) компаниясының спутниктен түсірілген суреттері. Аталған мекеменің мәліметтеріне сенсек, Ресей күштері қазір Киевтен небәрі 27 шақырым жерде тұр.

Алексей Арестович, Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі:

– Жау Киев пен Харьковты қоршауға алу үшін күш салып жатыр. Бірақ жалпы жағдай бақылауда. Біздің әскери басшылық не істеп жатқанын жақсы біледі.

Осы тұста өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасының басшысы украин әскерінің Горловка мен Донецк қалаларына жасаған шабуылынан 5 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады. Тағы 16 адам жарақат алыпты. Горловка әкімшілігінің ақпараты бойынша атыстан электр желілері үзілген. Қаланың үштен екі бөлігі жарықсыз қалған. Бұдан бөлек, сүзгі және сорғы станцияларына зақым келіп, 70 мыңдай азамат сусыз отыр.