Ресейде дағдарысқа қарсы шаралар әзірленуде

Ресейде санкцияларға қарсы жедел штаб құрылады. Бұл туралы премьер-министр Михаил Ми-шустин мәлімдеді. Ресей үкіметі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шаралар дайындады.

Бүгін Ресей тұрғындары санкциялар әсерін сезді. Мәселен, VISA және Mastercard төлем жүйелерінің картасымен контактісіз төлем енді жұмыс істемейді, тек ресейлік «Мир» төлем жүйесінің карталарымен төлем өткізуге болады. Төлем карточкаларының Ұлттық жүйесінің мәлімдеуінше, санкцияларға ұшыраған ресейлік банктер жаңа Visa және Mastercard карталарын енді шығара алмайды, бірақ бұрын шыққан карталар жұмыс істейді.

Негізгі мөлшерлеменің 9 пайыздан 20 пайызға дейін көтерілуіне байланысты бірнеше банк несие өтінімдерін қабылдауды тоқтатты. Мемлекет қолдауы бар ипотекалық бағдарламаларды тоқтатпайтынына билік кепілдік бергенімен, риелторлық фирмалардың айтуынша, банктер субсидияланған ипотеканы, яғни төмен пайызбен ипотеканы беруді тоқтатты.

– Біздің экономикалық жағдайымыз қатты нашарлады. Бірақ мұны  басқа адамдардың  біздің әскердің кесірінен шеккен зардабымен салыстыруға болмайды.

– Менің шетел валютасымен жинаған ақшам жоқ. Не болатынын кейін көрерміз.Ер адам: Бағалар өсіп жатыр. Жинаған ақшамыз азайып келеді. Акциялар құлдырап жатыр.

Экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ресей валютаны шетелге шығаруға шектеулер енгізді. Атап айтқанда, ресейлік экспорттаушылар валюталық кірістің 80 пайызын сатуға міндетті. Ресей резиденттерінің резидент еместерге валюталық несие беруге құқығынан айырылды. 1 наурыздан бастап ресейліктер шетелдік банктердегі өздерінің жеке шоттары мен депозиттеріне шетелдік валютаны аудара алмайды. Айтпақшы, ресейліктер бұдан былай долларды ресми бағам бойынша сатып ала алмайды – Мәскеу биржасында сауда бүгін де ашылған жоқ. Ал айырбастау пункттеріндегі бағам ресми бағамнан айтарлықтай жоғары.

Кремльде экономикалық мәселелер бойынша кеңес өткен. Осы санкциялардың ауыр екенін Кремль мойындап отыр. Үкімет Ресейге қарсы шаралардың бүкіл кешенін бірнеше топқа бөледі. Бұл Ресейді әлемдік қаржы нарықтарына кіргізбеу, жоғары технологиялар импортын шектеу және Ресейдің әлемдік экономикаға интеграциясына жол бермеу. Ресей экспортындағы АҚШ, Еуроодақ, Канада және Жапонияның үлесі елу пайыздан асады. Ал енді бұл нарықтар Ресей үшін жабық. Айта кетейік, Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкциялар энергетика саласына тиген жоқ. Себебі  АҚШ пен Еуропа  елдеріне ресейлік энерго ресурстар керек.

Сондай-ақ...