Польшада қатаң шектеулер алып тасталды

Польшада қатаң шектеулер алып тасталды

Польшада 1 наурыздан бастап, қатаң шектеулер күшін жойды. Сондықтан жұрт қалыпты жағдайға оралды деуге толық негіз бар. Мәселен, мейрамханалар мен дәмханаларға емін-еркін кіруге болады. Билік коронавирус жұқтыру дерегінің күрт азайғанын алға тартады. 

"Біз 2 жыл бойы коронавирус санкцияларының қыспағында өмір сүрдік, енді мамыражай өмірге оралатын кез туды." Премьер-министр Матеуш Моравецкий халқына арнаған үндеуін осылай бастады. Үкімет басшысы көктемде ойын-сауық көбейетінін сүйіншіледі.

Матеуш Моравецкий, Польшаның премьер-министрі:

- Бұл асығыс шешім емес. Дәрігерлермен кеңесіп, науқастардың халін тыңғылықты талдағаннан кейін біздің қоғамның кеңшілікке дайын екенін түсіндік. Бірден айтайын: біз эпидемиологиялық салғырттық болады деп қорықпаймыз. Поляктарда сақтық мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасқанын көріп отырмыз. Пандемияның бесінші толқынын еңсердік.

Десе де, ғимарат ішінде бетперде кию талабы күшінде қалады. Қашықтан жұмыс істеу тоқтатылды. Вакцина салдырмағандар дүкендер, шіркеулер және басқа да қоғамдық орындарға еш кедергісіз бара алады. Сондай-ақ локдаун басталғалы алғаш рет түнгі клубтар мен би кештеріне, кинотеатрлар мен шарапханалардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмек.

Владислав Смеловский, Варшава әкімдігі денсаулық сақтау бөлімінің басшысы:

- Коронавирусты толық жеңдік деп айта алмаймыз. Қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталады. Симптомсыз ковид жұқтырған адам 7 күнге оқшаулануға тиіс. Егер індет ауыр болса, оқшаулану мерзімін дәрігер белгілейді. Бұлар шектеулер емес, қалыпты медициналық талаптар.

Шетелден келгендер 1 аптаға оқшауланады. Ұлттық бағдарламаға сәйкес, ауруханалардағы палаталар мен құрал-жабдықты жаңарту бойынша үлкен өзгерістер болмақ.

Ернат Мелсұлы, Дмитрий Лукша