Кореяда ковид жұқтырудан антирекорд тіркелді

Оңтүстік Кореяда індет жұқтырғандар саны бойынша жаңа антирекорд тіркелді. Соңғы ақпарат сүйенсек, елде науқастар қатары 200 мыңнан асып кеткен. Алайда бұл көрсеткіш билікті шошытып отырған жоқ. Себебі омикронғао шалдыққандар тез жазылады, тіпті көбі дәрігерге қаралмайды да.

Коронавирус белгілері бар адамдар алдымен денсаулық сақтау бөлімінде ПТР-тест тапсыру керек. Індетті жұқтырған болса, тұрғын өзін өзі бір аптаға оқшаулайды. Әрбір науқасқа зарарсыздандырғыш, киімді дезинфекциялау құралы, термометр, пульсометр, бас ауруы мен дене қызуын емдейтін дәрі тегін беріледі. Дәрігер науқаспен күніне бір рет, медбикелер екі рет телефон арқылы сөйлеседі.

Владислав Цой, тілші:

- Сеулдің Каннам ауданында 533 мың адам тұрады. Бұл шамамен Ақтөбе немесе Қарағанды қалаларының халық санына тең. Үйде емделіп жатқан Каннам тұрғындарына 2 емхананың дәрігерлері мен медбикелері бекітілген.

- 22 күні басың айналып кетті дедіңіз, мен сізге дәрі жазып бердім, бәрін іштіңіз бе?

Чон Ген Хва, дәрігер:

- Науқастың тамағы ауырып, басы айналды. Емдеу көмектесті, бірақ коронавирустың кейбір белгілері сақталды. Өзін өзі оқшаулау кезеңі аяқталғандықтан мен оған жақын маңдағы ауруханалардың бірінде емделуді жалғастыруға кеңес бердім.

Коронавирус жұқтырған 800 мыңға жуық Корея тұрғыны үйде емделіп жатыр. Бұл сырқаты дендеген адамдарға ауруханадан орын босату үшін жасалып отырған амал. Қазір COVID-19-ды емдеуге арналған қарқынды терапия бөлімдеріндегі төсек-орны 48 процентке толған.

Ли Сан Док, аурухана директоры:

- Омикронның ең жиі кездесетін симптомы тамақ ауруы. Сондықтан ең алдымен біз ауруды басатын препарат, сондай-ақ жөтелге, қабынуға және суық тиюге қарсы дәрілерді ұсынамыз. Біздің дәрігерлер мен медбикелер үйде емделетін 500-ге жуық науқасқа қызмет көрсетеді. 

Жергілікті билік індет осы айдың ортасында шарықтау шегіне жетеді деп болжап отыр.

Владислав Цой, Ольга Лян