Ресей-Украина бейбіт келіссөздерінің екінші раунды: кездесу орны дайын

Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздердің екінші раунды жуық арада басталуы мүмкін. Кездесуге қатысатын Ресей делегациясы Беларусь пен Польша шекарасы маңындағы Беловеж орманына жеткен. Украина делегациясы да жолға шыққан. Бұл туралы Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский мәлімдеді.

Басқосуда тараптар атысты тоқтату мен гуманитарлық дәліз құру туралы мәселесін талқылауы мүмкін.

Еске сала кетейік, Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздердің бірінші кезеңі ақпанның 28-і күні Беларусьтың Гомель облысында өтті. Тараптар ол кезде бір-бірінің ұстанымымен танысқанмен ешқандай келісімге келе алмаған болатын.

Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:

– Біз өткен келіссөздер барысында бір-біріміздің ұстанымдарымызды біліп, талқылауға болатын бірқатар мәселелерді анықтаған болатынбыз. Кей маңызды мәселелер бойынша Украина делегациясына Киевке оралып ақылдасу қажет болды. Менің білуімше, Украина өкілдері қазір жолда келе жатыр.