В.Зеленский: Ресей 9 мыңдай сарбазынан айырылды

Ресейдің Қорғаныс министрлігі Украинада қаза тапқан әскер санын алғаш рет айтты.

Ресми дерек бойынша, барлығы 498 сарбаз ажал құшқан. Бұдан басқа, 1597 жауынгер жарақат алған. Сондай-ақ Кремльдің мәлімдеуінше, Украина жағынан 2870 құрбан бар. Зардап шеккен сарбаз саны 3700-ге жуық. 572 украиналық жауынгер тұтқынға түскен.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Өкінішке қарай, арнайы әскери операция барысында біздің жолдастарымыздың арасында адам шығын бар. Құрбан болғандардың отбасына қолдан келген барлық көмек көрсетіліп жатыр. Тағы да қайталап айтайын, арнайы операцияға Ресей Қорғаныс министрлігінің курсанттары да, әдеттегі әскерге шақырылған адамдар да қатысып жатқан жоқ. Батыстың көптеген және кейбір ресейлік ақпарат құралдары Ресей тарапынан сансыз құрбан болып жатқанын жариялап жатыр. Бұл - мақсатты түрде таратылып жатқан жалған деректер.

В. ЗЕЛЕНСКИЙ: РЕСЕЙ 9 МЫҢДАЙ САРБАЗЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Украина президенті Ресейдің Қорғаныс министрлігінің бұл мәліметін жоққа шығарды. Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, жау 1 аптаның ішінде 9 мыңдай сарбазынан айырылған. Ол күнде қарапайым украиналықтар Ресей жауынгерлерін тұтқынға алып жатқанын айтады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Не үшін құрбан болып жатыр? Украинаны басып алу үшін бе? Бұл мүмкін емес. Қанша жерден зымыран атса да, бомба тастаса да, танкімен шабуылдаса да, біз берілмейміз. Өйткені бұл – біздің жеріміз. Олар бізге қарсы соғыс ашқаны үшін халықаралық сотта жауап береді.