БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің әрекетін айыптады

БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейден Украинаға қарсы күш қолдануын тоқтатып, бұл елден әскерін шығаруға шақырған қарар қабылдады.

Ресейдің әрекетін айыптайтын құжат басым дауыспен қабылданды. Қарарды 141 мемлекет қолдап, Ресей, Беларусь, Сирия, Солтүстік Корея және Эритрея қарсы шықты. Тағы 35 мемлекет қалыс қалды. Олардың қатарында Қазақстан мен Қытай бар. Қарарда қақтығысушы тараптарды Минск келісімшартын орындап, қарамай-қайшылықты бейбіт жолмен шешіп, халықаралық құқықты сақтауға шақырады.

Линда Томас, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

– Әлем бірігіп өз ұстанымын білдірді. БҰҰ-на мүше елдердің басым көпшілігі соғысты айыптады. Әлем бейбітшілік пен қауіпсіздікті таңдайды. Украинадағы жағдай шиеленісе түскен сайын біз осы ұстанымымыздан қайтпауымыз қажет. Біріккен Ұлттар ұйымының күші мен оның басты міндетін көрсетуіміз керек.

Ал Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензяның мәлімдеуінше, батыс елдері қарарды қолдап, дауыс беру үшін кей мемлекеттерге қысым көрсеткен. Бірақ құжат Ресейдің әскери қимылдарына тосқауыл бола алмайды, керісінше радикалды күштер мен Украинадағы ұлтшылдарға қолдау көрсетеді дейді.

Айта кетейік, БҰҰ Бас ассамблея қарарының заңдық күші жоқ.