Германия билігі азаматтарына Украина жерін қорғауға рұқсат берді

Украинадан кеткен тұрғындардың саны 1 млн-нан асты. Соңғы 3 күннің ішінде бас сауғалағандар екі есе көбейді. Олардың көбі Польшада тұрақтаған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2015 жылы Сирия, Ирак пен Ауғанстаннан шамамен 1 млн 300 мың адам бейбітшілік іздеп, босып кеткен. Сарапшылар Украинадан 12 млн тұрғын өзге елден пана іздейді деп болжап отыр. 

Ресей-Украина келіссөздерінің өтетін орыны өзгерді 

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстың басталғанына бүгін 8-ші күн. Ұрыс алаңында атыс-шабыс тоқтар емес.  Бүгін тараптар екінші рет келіссөз өткізу керек. Шара Брест облысында Мәскеу уақыты бойынша сағат 3-те басталу керек.  Ақпарат көздерінің хабарлауынша бұл жолы Украина делегациясының құрамы өзгеруі мүмкін. Бір үстел басында жиналған тараптардың қаузайтын басты тақырыбы ұрыс алаңындағы атыс-шабысты тоқтатып, гуманитарлық дәліз құру.  Еске сала кетейік, Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздердің бірінші кезеңі ақпанның 28-і күні Беларусьтың ГОмель облысында өткен еді. 

Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі

Біз өткен келіссөдер барысында бір-біріміздің ұстанымдарымызды біліп, талқылауға болатын бірқатар мәселені анықтаған болатынбыз. Кей маңызды мәселелер бойынша Украина делегациясына Киевке оралып ақылдасу  қажет болды. Менің білуімше Украина өкілдері қазір жолда келе жатыр.

ЕЛДЕН КЕТКЕН УКРАИНАЛЫҚТАРДЫҢ САНЫ 1 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ

Бұл келіссөздің нәтижесін уақыт көрсетеді. Әзірге бұқараның пікірі екіге жарылды. Ал, соғыс оты өршіп тұрған Украинадан  өзге елге бас сауғалап қашқан босқындардың қатары күн санап артып барады. Бір аптаның ішінде өз елінен 1 млн-ға жуық украиналық тұрғын кеткен. Бұл Бұұ-ның босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары таратқан мәлімет. 450 мыңнан  астам адам Польшаны паналады. Қалғаны Венгрия, Молдова, Румыния мен Словакияға табан тіреді. Чехияда келімсектердің қалың нөпіріне байланысты үкімет елде төтенше жағдай жариялады. Ерекше режим ертеңнен бастап күшіне енеді. 

БЛИЦ:

- Мен украина азаматымын. Лондонда тұрамын Бірақ туыстарымның бәрі мен туып өскен Харьковте. Әпкем мен оның екі қызы осында келеді деп үміттеніп отырмын. Күтіп тұрмын.

- Жолдасымды тастап кетуге мәжбүр болдым. Ер адамдарды шекарадан өткізген жоқ. Ата-анам да келе алмады. Көптеген адамдар туған туыстарынан ажырап қалды. Өте өкінішті.

Еурокомиссия босқындарға барынша көмек ұсынады

Украинамен шектесетін Еуроодақ елдері аймаққа шұғыл гуманитарлық көмек жеткізу үшін арнайы механизм құруды жоспарлады. Ал Еурокомиссия Украиналық босқындарға Одаққа мүше елдерде тұруға рұқсат қағазын беруді жөн көріп отыр. Осылайша босқындарға білім алуға және жұмыс істеуге мүмкіндік берілмек.

Италияда халық ереуілге шықты

Әлем елдерінде соғысқа қарсы наразылық акциялары әлі де жалғасып жатыр. Жуырда бұндай шаралардың бірі Италияда ұйымдастырылды.

Жүздеген адам Венеция мен Ватиканның орталығына жиналды. Халық соғысқа қарсылығын білдіріп, жауласқан тараптарды бейбітшілікке шақырды.  

Ресей қаза тапқандар туралы алғаш рет ресми мәлімдеді

Кеше Ресейдің Қорғаныс министрлігі алғаш рет Украинада қаза тапқандар санын жариялады. Ресми дерек бойынша, барлығы 498 сарбаз ажал құшқан. Бұдан басқа, 1 мың 597 жауынгер жараланған. 572 украиналық жауынгер тұтқынға түскен. Сонымен қатар, 1612 нысаны жермен жексен болды.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Өкінішке орай, арнайы әскери операция барысында біздің жолдастарымыздың арасында адам шығын бар. Құрбан болғандардың отбасына қолдан келген барлық көмек көрсетіліп жатыр. Тағы да қайталап айтайын, арнайы операцияға Ресей Қорғаныс министрлігінің курсанттары да, әдеттегі әскерге шақырылған адамдар да қатысып жатқан жоқ. Батыстың көптеген және кейбір ресейлік ақпарат құралдары Ресей тарапынан сансыз құрбан болып жатқанын жариялап жатыр. Бұл - мақсатты түрде таратылып жатқан жалған деректер.

Украина президенті Ресейдің Қорғаныс министрлігінің бұл мәліметін жоққа шығарды. Владимир Зеленскийдің айтуынша, қарсы тарап 1 аптаның ішінде 9 мыңдай сарбазынан айырылған. Сондай-ақ ол қарапайым украиналықтар Ресей жауынгерлерін тұтқынға алып жатқанын айтады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Не үшін құрбан болып жатыр? Украинаны басып алу үшін бе? Бұл мүмкін емес. Қанша жерден зымыран атса да, бомба тастаса да, танкімен шабуылдаса да, біз берілмейміз. Өйткені бұл біздің жеріміз. Олар бізге қарсы соғыс ашқаны үшін халықаралық сотта жауап береді.

Германия билігі өз азаматтарына Украинада соғысуға рұқсат берді. Бұл туралы жергілікті ТАГЕС-ШПИГЕЛЬ ( Tagesspiegel )  газеті елдің ішкі істер мен әділет министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Онда Германия билігі соғысқа аттанғысы келген және экстремистік топқа жатпайтын кез келген азамат Украинаға қолдау көрсеткісі келсе соғыс алаңына аттана алатыны айтылады. Сот органдары олардың қудаланбайтынын мәлімдеді.