476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Украинадағы әскери қақтығыс: 8-күн

  • 160
  • UPD: 14:25, 04.03.2022

Төрткүл дүние көз тіккен Украинада жағдай тұрақталар емес. Ел билігі бірнеше қалаға шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Жарылыстың дыбыстары Киевте түні бойы естілді. Ал Харьков облысында зымыран шабуылының салдарынан балалардың қаза тапқаны хабарланды. Қазір Украина шаһарларындағы ахуал қандай?

Түнде Киевке 4 рет зымыранмен шабуыл жасалды. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың айтуынша, қорғаныс жүйесі олардың бәріне тойтарыс берген. Алайда зымырын бөлшектері темір жол вокзалы маңындағы жылу жүйесін зақымдаған. Дегенмен жергілікті билік өкілдері бұдан айтарлықтай қауіп жоқ дейді.

Бүгін қалада дәріханалар жұмысын қайта жандандырды. Коммуналдық қызмет пен қоғамдық көліктің жұмыс істеп тұрғаны да хабарланды. Дегенмен, ел астанасындағы үрей әлі сейілген жоқ. 

Марина, Киев тұрғыны:

- Ұйықтауға қорқамыз. Тірі оянғанымыздың өзіне қуанамыз. Дабыл дыбысына үйреніп қалдық. Үйде тығылып отырамыз. Кейде жаңалықтар оқып, ұйықтай алмай жатамыз. Қазір коммуналдық қызмет жұмыс істеп тұр. Нан сатып алдық. Азғантай азық-түлігіміз бар.

Бұған дейін Ресейдің Қорғаныс министрлігінің өкілдері Херсон қаласын басып алғанын жария еткен еді. Алайда Украина билігі бұл апқаратты жоққа шығарды. Олар қала ішінде шайқас әлі жалғасып жатыр дейді. Шаһардағы ахуал жайлы тұрғындар былай дейді.

Зайниш Хусейн, Херсон тұрғыны:

- Бізге кешкі алтыдан кейін тысқа шықпаңдар деді. Үш адамнан артық жиналуға болмайды. Банктерде қолма-қол ақша жоқ. Шағын дүкендер ашық. Алайда сөрелер бос тұр. Кезекте тұрғандар көп. Тамақты аз жейтін болдық. Қызымызға жетсін деп отырмыз. Өзіміз күні бойы су ішіп жүре береміз. Қаладан кете алмай отырмыз. Жақын маңдағы шекараға дейін жеткізіп салу үшін 7 мың доллар сұрайды. Маған әлеуметтік желіде көп адам хабарласып жатыр. Нидерландта тұратын Уоррен есімді жігіт Херсонда енесі қалып қойғанын жазды. Сол кісіні қаладан алып шығу бойынша менен көмек сұрап отыр.

Харьков облысындағы Изюм қаласындағы ахуал да күрделі. Жергілікті билік өкілдері аудандарға зымыранмен шабуыл жасалғанын хабарлады. Қала басшысының сөзінше, бомбалау салдарынан 8 бейбіт тұрғын көз жұмған. Оның екеуі бала.

Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы

Хабар 24 телеарнасы