Ресейде жалған ақпарат үшін түрмеге отыра ма

Ресейлік депутаттар бүгін осы елдің қарулы күштері, оның ішінде Украинадағы әскери іс-қимылдар туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заң жобасын талқыға салады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа құжат бойынша фейк үшін 700 мыңнан 1 жарым миллион рубль айыппұл салынуы немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Егер жалған ақпарат өтірік дәлелге құрылса немесе ұйымдасқан топ таратса, 15 жылға дейін түрмеге отырғызу жазасы берілмек. Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникация салаларын қадағалау жөніндегі федералды қызметі «Эко Москвы» радиостанциясы мен «Дождь» телеарнасын эфирден өшіріп, сайттарын бұғаттады. Бұған прокуратураның талабы негіз болған. Мемлекеттік мекеме аталған ақпарат құралдары Ресей әскерінің Украинадағы іс-әрекеттері туралы жалған мәлімет таратты деп айыптайды. 1990 жылдан бері хабар таратқан «Эхо Москвы» радиостанциясының директорлар кеңесі аталған талапты орындады. Кремль бұл – олардың өз таңдауы деп мәлімдеген. Бірақ радиостанция YouTube-тегі жұмысын жалғастыра бермек.

Алексей Венедиктов, «Эхо москвы» бас редакторы:

– Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат, фейк, фотошоп, киношоп өріп жүр. Қайсы шын, қайсы өтірік екенін ажырата алмай қаламыз. Сөйтіп жүріп, ұрынамыз. Бұл кез келген елдегі кез келген медиаға тән құбылыс.

«Дождь» телеарнасы да жұмысын уақытша тоқтатты. Редакция ұсынылып жатқан заң жобасы қабылданса, бәрібір жұмыс істей алмаймыз дейді.

Наталья Синдеева, «Дождь» арнасының бас директоры:

– Бізде де соғыс жүріп жатыр. Бірақ бұны адамдар қырылып жатқан соғыспен салыстыруға келмейді. Сонда да тура соғыста жүргендей жұмыс істейсің. Әрі қарай не болатынын мүлде білмейміз. Әскери іс-қимылдардың басталатынын кім болжапты? Бүкіл әлем бұл туралы айтты, бірақ ақылы бар адамдар тура осылай болады деп күткен жоқ.

Елде ресейлік медиа ғана жабылып жатқан жоқ. Ақпанның басында Германияның Раша Тудей арнасын жапқан шешіміне қарымта ретінде, «Дойче Велле» (Deutsche Welle) телеарнасы Ресейде шетелдік агент деп танылып, хабар таратуына тыйым салынды.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дана Нұржан