Берлинде оқушылар Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті

Оқушылармен бірге қала тұрғындар Украинада бейбітшілік орнатуға шақырып, шеруге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наразылық шарасына 5 мың адам жиналған. Дені – оқушылар. Оларды осы акцияға қатысу үшін тіпті сабақтан босатқан. Оқушыларға студенттер, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары қолдау көрсетті. Ереуілшілердің көбі қолына Украина туы мен арнайы плакаттар ұстап алған. Шеруге шыққандардың арасында жақын-жуығы оқ астында қалған украиналықтар да бар. Бундестаг алдына жиналғандар саясаткерлерге Украинадағы жағдайға араласу және Ресейдің мұнай-газ компанияларымен бірге жұмыс істеуден бас тарту туралы шарт қойды. Жалпы бейбітшілікті қолдаған мұндай шаралар Германияның 40 қаласында өтіп, оларға 170 мың адам қатысқан.

Юлиан, оқушы:

– Украинада сұмдық болып жатыр. Қазір онда қаншама адам қырылуда. Ойлаудың өзі қорқынышты. Украиналықтарды отанынан, үйінен босып кетуге мәжбүрлеу дұрыс емес.

Саша, оқушы:

– Дәл қазір қаншама адам үрей құшағында жүр. Үйлерінен безіп жатыр. Осының бәрі бейбітшілікті жақтаған Еуропада болып жатыр. Біз Германияда тұрып, көмектескіміз келеді. Анам екеуіміз украиналықтарды үйімізге алсақ дейміз. Садақа да береміз.