Украина:Еуропадағы ең ірі атом электр стансасы өртенді. Ресей әскерінің қатысы бар ма?

Еуропадағы ең ірі атом электр стансасы аумағындағы өрт сөндірілді, деп хабарлайды «Хабар 24». Украинаның төтенше жағдайлар қызметі қазір ахуал бақылауға алынғанын айтады. Ведомство өкілдері тілсіз жауға Ресей әскерінің шабуылы себеп болды дейді. Алайда Ресейдің Қорғаныс министрлігі жергілікті диверсиялық топтарды кінәлап отыр. 

Запорожье – Еуропадағы ең ірі электр стансасы саналады. Энергодар қаласында орналасқан. Ол елде өндірілетін электр энергиясының бестен бірін қамтамасыз етеді. Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің хабарлауынша, бүгін түнде Ресей әскерінің шабуылы салдарынан атом электр стансасынан тыс жердегі оқу-жаттығу корпусында өрт шыққан.

Тілсіз жау 2 мың шаршы метр аумақты қамтыған. Таңертең өрт сөндірілді. Радиация деңгейі өзгермеген. Қазір 6 энергетикалық блоктың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Тағы бірінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүріп жатса, басқалары қондырғыларды суыту үшін өшірілген.  

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Украинада 15 реактор бар. Мұнда ядролық жарылыс болса, ол жердің сау-тамтығы қалмайды. Бүкіл Еуропа халқын эвакуациялау керек болады. Ресей әскерилерін тек Батыс елдерінің шұғыл әрекеті ғана тоқтата алады. Еуропаға ядролық апаттан көз жұмуға жол бермеу керек.

Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілдері болған оқиғаға қатысты мынадай түсініктеме берді.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Түнгі 2 шамасында станса маңындағы аумақты күзету барысында Ресей қарулы күштерінің мобильді күзет өкілдеріне украинаның диверсиялық тобы тарапынан шабуыл жасалды. Оқу-жаттығу кешенінің терезесінен оқ атылған. Сондықтан жауынгерлер жауап ретінде атыс ашуға мәжбүр болған. Ғимараттан кетіп бара жатып,,,диверсиялық топ онда от қойды".   

Қауіптің беті қайтарылды. Бірақ мамандар Запорожье атом электр стансасында жарылыс болса, әлемдік ауқымдағы апат болар еді дейді. Олар радиацияның Еуропаға таралатынын айтады. 

Татьяна Тимочко, Украина экологиялық одағының басшысы:

– Атом электр станциясының орналасқан жерін ескерсек, апат салдары Ресей, Грузия, Түркия, Болгария секілді елдерге, Днепр өзені мен Қара теңіз бассейніне әсер етуі мүмкін. Радиация Еуропа мемлекеттеріне таралуы ықтимал. Технологиялық тәртіп бұзылғанда қоршаған ортаға радиоактивті элементтер түседі. Мұндай жағдайда ескерту жүйесі іске қосылу керек. Ол станция маңындағы 30 шақырымдық аймақты қамтиды. 

Соңғы дерек бойынша, атом электр станциясы Ресей әскерінің бақылауына өткен. Бұл туралы Украинның атомдық реттеу мемлекеттік инспекциясы өз сайтында хабарлады. Бірақ нысандағы қызметкерлер өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Соңғы оқиғаға байланысты Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігінің өкілдері стансаның қауіпсіздік жүйесі зақымданбағанын хабарлайды. Десе де, МАГАТЭ оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлар жөніндегі орталығын тәулік бойы әрекет ету тәртібіне көшірген. 

Жұлдыз Атагельдиева, Әнел Еділқызы