Украинадағы ахуал: Ресей тыныштық режимін не үшін жариялады

Ресей Украинада тыныштық режимін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше күнге жоспарланған режим гуманитарлық дәліз ұйымдастыру үшін қажет. Осы уақыт ішінде Мариуполь және Волноваха қалаларынан тұрғындар эвакуациялануы тиіс. Ал қалада қалу туралы шешім қабылдағандарға гуманитарлық жүк жеткізіледі. Алайда тараптар тыныштық режимін бұзды деп бірін-бірі айыптап үлгерді.

Гуманитарлық дәліз ашу туралы шешім 2 күн бұрын Украина мен Ресей делегациялары арасында өткен келіссөздердің екінші кезеңінде қабылданған.

Халықты көшіру жұмыстары муниципалдық автобустарға жүктелді. Таңғы 9 бен күндізгі 4 аралығында тұрғындар жеке көлікпен де жолға шыға алады. Гуманитарлық дәліз бағытынан ауытқуға қатаң тыйым салынады. Украина билігі Мариупольден гуманитарлық дәліз арқылы 200 мыңнан аса адам, ал Волноваха қаласынан 15 мың адам эвакуациялануы тиіс екенін хабарлады. Олардың барлығы Запорожьеге жеткізіледі. Бұдан бөлек, дәліз арқылы аталған елді мекендерге гуманитарлық жүктер тасымалданады. Оқ атпау тәртібінің сақталуын халықаралық Қызыл крест ұйымы қамтамасыз етеді.    

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Бүгін Мәскеу уақытымен таңғы 10-нан бастап Ресей тарабы оқ атпау тәртібін жариялады. Осыған сәйкес Мариуполь мен Волновахадан бейбіт тұрғындардың эвакуациясы үшін гуманитарлық дәліздер ашылды. Оның бағдары Украина жағымен алдын ала келісілген.

Десе де өзін өзі жариялаған Донецк халық республикасының басшысы Денис Пушилин гуманитарлық дәліздің жұмыс істемей тұрғанын хабарлады. Себебі Мариупольден бүгін ешкім шыққан жоқ дейді. Украина үкіметі бұған Ресей тарабын кінәлап отыр.  

Ирина Верещук, Украинаның уақытша басып алынған аумақтарды реинтеграциялау жөніндегі министрі:

- Біздің жауынгерлерден Ресей әскері оқ ату тәртібін пайдаланып, алға қарай жылжып барады деген хабар келіп түсіп жатыр. Ол бағдар бойынша әскер қозғалмауы керек. Дәліз бейбіт тұрғындарды эвакуациялап, қалада қалған басқа азаматтарға гуманитарлық жүк жеткізу үшін пайдаланылуы тиіс.

Жалпы, БҰҰ-ның мәлімдеуінше, шиеленіс басталғалы Украинадан бір миллион 200 мың адам жан-жаққа босып кеткен. Олардың жартысына жуығы - балалар. Сарапшылардың пайымдауынша, жақын күндері елден қоныс аударғандар саны 4 миллионға жетуі мүмкін. Владимир Зеленский кезекті үндеуінде Украинадан кеткендердің барлығы жақын арада үйлеріне қайта оралатынына сөз берді.

Жұлдыз Атагельдиева, Вероника Боярова