Грузия және Молдавия Еуроодақ құрамына кіруге өтініш білдірді

Украина, Грузия және Молдавия Еуропалық одақ құрамына кіру туралы өтініш білдірді. Батыс елдері өз кезегінде «Ресеймен сыртқы саясаттан бастап, мәдениет және спорт салаларына дейін қарым-қатынасты доғара тұру керек» деп шешті және экономикалық санкциялар жариялауды жалғастырып жатыр.

Еуропалық одақ ресейлік банктердің тағы бірнешеуін жақын күндері SWIFT халықаралық банк жүйесінен ажыратуды жоспарлап отыр. Бірақ әзірге түпкілікті шешім қабылданбады. Сонымен қатар Ресейдің қаржы, энергетика және көлік салаларына да қарсы санкциялар мен экспорттық бақылау енгізуді қолға алмақ. Президент Владимир Путиннен бастап, бірқатар Ресей азаматы қара тізімге енгізіледі.

Жозеп Боррель, Еуроодақ дипломатиясының басшысы:

- Санкциялар Ресейдегі режимді өзгертуге бағытталмаған. Олар соғыстан кейін қолға алынды және мақсаты Ресей экономикасын әлсіретіп, салдарын сезіндіру, украиналықтардың алдағы келіссөздердегі ұстанымын нығайту. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Лиз Трасс Үлкен жетіліктегі әріптестерін санкцияларды күшейтіп, Ресейдің газ және мұнайына деген тәуелділіктен құтылуға үндеді. Сонымен қатар Мәскеуге қарсы жаңа шектеулер енгізуге шақырды. Бірақ өздері «санкциялар енгізуде жайбасарлық танытып жатыр» деген сынның астында қалды.

Сарапшылар батыс елдерінің шектеулері бұдан әрі де жалғаса береді дейді. Өйткені Украинада бейбіт халық өліп жатса да Ресей әскери әрекеттерін тоқтатар емес.

Андрей Мовчан, қаржыгер сарапшы:

- Жаңа санкциялар жарияланып, экспортқа эмбарго енгізілуі мүмкін. Өйткені ондай әзірге жоқ. Импорттық өнімдерге тыйым салынады. Ресеймен жұмыс істеуден бас тартатын батыс компанияладының қатары көбейеді. Барлық банк жүйесі әзірге бұғатталған жоқ. Сбербанкке толығымен шектеу енгізіледі деп ойлаймын.

Саясаткерлер мен қалталылар санкцияға ұшырағанымен қарапайым халық қазір қатты қинала қоймауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ұзақ мерзімде кедейлене түседі, дейді сарапшылар. Өйткені шектеулер Ресей рублін әлсіретуге бағытталған.

Ғалымжан Қараманұлы