Грузияда бидай мен ұн қоры таусылып барады

Украинадағы ахуал Грузияның әлеуметтік жағдайына әсер етіп жатыр. Елде бидай мен ұн қоры азайып барады. Тіпті таусылуға жақын қалған. Өйткені астық сырттан келеді. Ел үкіметі мәселені тезірек шешуге тырысып жатыр. Алайда нәтиже жоқ.

Грузияда астық қоры таусылуға жақын. Қазір елде 50 мың тонна бидай және 25 мың тонна ұн қалды. Бұл небәрі бір айға жететін резерв. Мұндай ахуал Украина мен Ресейден келетін импорттың кешігуінен туған. Себебі гүржі елі тұтынатын 700 мың тонна бидайдың 90 проценті дәл осы елдерден келеді. 

Леван Силагава, Грузия астық және ұн өндірушілер қауымдастығының басшысы:

- Әскери жағдайға байланысты Қара теңіздегі кемелер тұрып қалды. Яғни теңізбен бидай тасымалы тоқтап тұр. Десе де, Ресеймен арадағы екі өткізу пункті бар. Олар Жоғары Ларстағы көлік және темір жолдары.

Осындай жағдайға байланысты қазір Грузия шұғыл түрде бидай мен ұн жеткізе алатын елдерді іздеу үстінде. Мұндай елдер қатарында Түркия мен Қазақстан да бар.

Леван Силагава, Грузия астық және ұн өндірушілер қауымдастығының басшысы:

- Біз қазақстандық тараппен келісім жасасу жағын қарастырып жатырмыз. Себебі бидай жеткізу ісінде Ресей тарапынан қандай да бір қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан да біз осы бағыт бойынша қазақстандық серіктестерімізбен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Сарапшылардың сөзінше, әлемде бидай бағасының өсуі дүрлікпе тудырып жатыр. Бірақ Грузия үкіметі импорт құнының көтерілген жағдайда баға айырмашылығын субсидияламақ ниетте. Соның арқасында елде нан бағасы қымбаттамайды. Бұған қоса гүржі билігі бидай мен ұнның стратегиялық қорын құруды да жоспарлап отыр. 

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили