В.Зеленский: Ресейдің бейбіт тұрғындарды атқылауын кешірмейміз

Украина Ресейдің соғыс ашып, бейбіт тұрғындарды қырып, халыққа қайғы қәсірет әкелгенін ешқашан кешірмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина президенті Владимир Зеленский халыққа кезекті жолдауында осылай деп мәлімдеді. Ол Ресей күштері тұрғын үйлерді атқылап, қалаларға 500-ден астам бомба тастағанын атап өтті. Ал мыңдаған тұрғын жұмыс істейтін Украинаның қорғаныс өндірісі кәсіпорындарын жоюға күш салуы саналы түрде қылмысқа бару дейді ол.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Гуманитарлық дәліз болады деген уәде болған. Бірақ бұл жерде ол жоқ. Бүгін Ирпенде екі баласын алып қаладан шықпақ болған бір отбасы ажал құшты. Тура жол үстінде атып тастаған. Ал Украинада тағдыры осылай аяқталған отбасы қаншама.

Ресей Украинаның бүкіл әскери авиациясы талқандалғанын мәлімдеді

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның барлық соғысқа жарамды авиациясы талқандалды деп мәлімдеді. Мәскеу енді өзге елдер Украинаның әскери ұшақтарына өз әуежайларын берсе қарулы қақтығысқа қатысушы тарап ретінде қарастырамыз дейді.

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Біз Украина әскери ұшақтары Румыния мен өзге де көрші елдерге ұшып жатқанын білеміз. Бұл елдердің Украина әскери ұшақтарын өздеріне қондырып, одан кейін олар Ресей күштеріне қарсы әрекет етсе бұл мемлекеттер қарулы қақтығысқа қатысып жатыр деп бағаланатын болады.