Украиналық 11 жасар бала өз бетімен Словакияға жетті

11 жасар украиналық бала өз бетімен Словакияға жетті. Ол Запорожье қаласынан мың шақырымнан аса жолды өткен.

Өткен аптада Ресей әскері осы қала маңында орналасқан Еуропадағы ең үлкен атом электр станциясын басып алған. Шабуыл кезінде станцияның бір бөлігінде өрт шыққан. Осыдан зәресі ұшқан анасы ұлын жалғыз пойызға мінгізіп, Словакияға аттандырды. Жесір әйел жүре алмайтын анасын күту үшін үйінде қалыпты.

Словакия ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, шекарада бала қолында жазылған туыстарының телефонын көрсетіпті. Волонтерлер оны тамақтандырып, ел астанасы Братиславаға жеткізіп, туыстарына тапсырды. 

Юлия Писецкая Запорожье қаласының тұрғыны:

– Балама көрсеткен көмектеріңіз үшін алғысым шексіз. Біз Ресей басқыншылары атқылаған атом электр станцияға жақын тұрамыз. Мен жүре алмайтын анамды қалдырып кете алмаймын. Сондықтан ұлымды пойызға отырғызып, Словакия шекарасына жібердім. Сол жақта баламды мейірімді адамдар қарсы алды. Елдеріңіз шағын болса да, адамдарыңыздың жүрегі кең. Балаларымызға қамқор көрсетіп жүргендеріңізге көп рахмет.