Валюта бағамы құбылып тұр: Қырғызстанда тауар қымбаттады

Рублдің құлдырауы және доллар бағамының өсуі Қырғызстанда тауар мен қызметтердің қымбаттауына әкелді. Жақын арада валюта бағамы қандай болатынын ешкім нақты болжай алмай отыр. Соның кесірінен сауда көлемі де азайды.

Бұл жағдай рубльге тәуелді қырғыз сомына ауыр тиді. Оған қоса елде импорт үлесі көп, ал сыртқы саудада есеп доллармен жүреді. Ресейде жалақысын рубльмен алатын бір миллиондай қырғыз жұмыс істейді. Украинадағы ахуалдан кейін рубль екі есе құнсызданды, ал доллар бағамы 15 процентке өсіп, бір жүз сомға тақап қалды.  

Аида Карабаева, Қырғызстан ұлттық банкінің ресми өкілі:

– Қырғызстанның қаржылық жүйесі өз әлеуетін едәуір күшейтті. Яғни Ұлттық банк және коммерциялық банктердің капиталын күшейту бойынша қабылдаған шаралары қаржылық беріктіктің қосалқы қорын құруға мүмкіндік берді. 

Дегенмен бұл жағдай ел экономикасына кері әсерін тигізді. негізгі тауарлар мен қызметтердің бағасы біртіндеп өсе бастады. Шұғыл шаралар қысқа мерзімде ахуалды тұрақтандырды. Бірақ ұзақ мерзімді және сыртқы саудалық келісімшарттардың келешегі не болары белгісіз.     

Кубан Чороев, экономист:

– Әсіресе, экспортерлерімізге ауыр тиіп тұр. Біз негізінен халық тұтынатын тауарларды Қазақстан мен Ресейге экспорттаймыз. Яғни, олар да қайта есеп жүргізіп, кейбір келісімшарттар белгілі бір уақытқа тоқтап қалуы мүмкін. 

Жанармай бағасы да қымбаттауы мүмкін. Әзірге бензин мен дизель отынының бағасы көтерілген жоқ. Алайда әлемдік нарықта мұнай бағасы күн сайын өсіп келеді. Сондықтан жанармай да қымбаттайтыны анық. Оған қоса Қырғызстан мұнайдың 90 проценттін Ресейден импорттайды. 

Бакыт Чермашев