Оңтүстік Кореяда тамақ қалдығынан метан өндіретін зауыт салынбақ

Оңтүстік Кореяда тамақ қалдықтары мен көң ағынды сулардан метан өндіретін бірнеше зауыт салу көзделді. Жоба арзан көгілдір отын алуға және атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды азайтуға мүмкіндік береді.

Қоқысты зауытта таңғы сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін қабылдайды. Мұнда тәулігіне 30 машина кіреді. Нысан қоқыс өңдейтін зауытқа ұқсамайды. Жағымсыз иісті жоятын арнайы жабдық орнатылған. Ал арнайы көліктен шыққан сарқынды су құбырлар арқылы тікелей кәдеге жарату жүйесіне түседі.

Кореяда 2012 жылы көңді теңізге төгуге тыйым салынған болатын. Ал 180 мың тұрғыны бар Сосан қаласында қалдықтарды өңдейтін қондырғылар ескірген. Олардың іске қосылғанына жиырма жыл болды. Сондықтан әртүрлі қалдықтарды бір уақытта жоюға болатын жаңа кешен салу қолға алынған. 

Ким Хен Джун, биогаз өндіру зауытының бөлім бастығы:

– Тәулігіне 100 тонна көң, 70 тонна адам қалдығы, 100 тонна ағынды су концентраты, 50 тонна тамақ қалдықтарын өңдейміз. Тәулігіне 40 тонна көлемінде биогаз өндірісінен қалатан шлам да өңделеді.

Зауытта тәулігіне 8 мың текше метр биогаз өндіріледі. Оның 44%-тен астамы Корея электроэнергетикалық компаниясына сатылады. Жартысына жуығы қатты отын өндірісіне кетеді. Биогаз қондырғысының арқасында көмірқышқыл газынан бөлінетін уытты газ жылына 9800 тоннаға азаяды,– дейді мамандар. Бұл 70 мың қарағай отырғызуымен тең. Дәл осындай зауыт Кореяның 4 қаласында пайда болады. Кешендер тәулігіне 140 мың текше метр биогаз өндіре алады.

Владислав Цой, Ольга Лян