Житомир облысында әуе шабуылынан 2 мұнай базасы өртенді

Украинаның Житомир облысында әуе шабуылынан 2 мұнай базасы өртенді.

Жалынға оранған қойманың бірі Житомир қаласында, екіншісі Черняхов елді мекенінде орналасқан. Бұл туралы осы елдің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі хабарлады.

Алғашында көлемі 10 мың текше метр болатын резервуар өртенсе, екіншісінде жартылай босаған екі мұнай сақтайтын қойма отқа оранған. Алдын ала мәліметке қарағанда қаза тапқандар мен жапа шеккендер жоқ. Мұнай базасына жақын жердегі үйлердің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшіріліп, өрт сөндірушілер отты сөндірген.