«Макдональдс» Ресейдегі 850 мейрамханасын жабады

«Макдональдс» Ресейдегі 850 мейрамханасын уақытша жабады. Американдық компанияның көрші елдегі мекемелерінде 62 мың адам еңбек етеді. Нарықтағы операциялар тоқтатылған мерзімде бұл қызметкерлердің барлығына жалақы төленеді. Корпорация Ресейде жақсы пайда тауып отырған. Мәселен, 2020 жылы табысы 58 миллиард рубльге жуықтаған.

Starbucks Ресейдегі кофеханаларын жабады

Қоғамдық тамақтану саласындағы тағы бір американдық компания «Старбакс» та Ресейдегі дүкендерін уақытша жабады. Олардың 130-ға жуық кеңсесі бар. 2 мыңдай адам жұмыс істейді. Әзірге компанияның есебі жарияланбады. Бірақ пандемияға дейін Ресейдегі табысы 180 миллион рубль шамасында болған. Компания басшылығы барлық қызметкердің жалақысы сақталатынын айтады. КФС және Пицца Хат секілді брендтерге иелік ететін американдық «Ям Брэндс» корпорациясы да Ресейге инвестиция салуды уақытша тоқтатады. Бірақ мейрамханаларын жаппайды.  

Тұтыну тауарларының өндірушілері де бірінен соң бірі Ресей нарығынан кетіп жатыр. Тиісті шешімін МАК, Том Форд секілді брендпен косметикалық заттар сататын Эсте Лодер жария еткен. Тұтынушы тауарлардың әлемдік нарығындағы көшбасшылардың бірі «Проктэр энд Гэмбл» Ресейде тек базалық гигиена өнімдерін қалдырады. Бірақ инвестиция құюдан бас тартады. Негізі американдық корпорацияның Ресей аумағында екі ірі кәсіпорыны бар. Олардың бірі жуғыш заттар мен жөргектер өндірсе, екіншісі ұстара шығарады.

PROCTER & GAMBLE КОМПАНИЯСЫ:

«Біз Ресейге қаржы құюды тоқтатамыз. Сондай-ақ жарнамалық қызметімізді де жүргізбейміз. Ресейге жеткізілетін өнімдеріміздің тізімін қысқартамыз. Тұрғындарға күнделікті өмірі үшін керек деген ең қажетті тауарларды ғана қалдырамыз».

Киім мен косметика өндірушілер Ресей нарығынан кетіп жатыр

Адидас дүкендердегі және онлайн сатылымын тоқтатады. Ресейдегі өз сауда нүктелерінің жабылатынын спорттық тауар өндіруші тағы бір компания Пума басшылығы да жария етті. Ол сондай-ақ Ресейдің баскетбол федерациясымен келісім-шартын тоқтатты. Бірер күн бұрын Зара, Бершка секілді ірі дүкендер желісіне иелік ететін испандық Индитекс компаниясы да өз өнімдерін сатпайтынын айтқан. Жиһаз бен үйге арналған тауарлар шығаратын Икеадан кейін Ресейде ОБИ құрылыс тауарлары гипермаркеттерінің желісі жабылатын болды. Осыған байланысты Санкт-Петербургте құрылыс дүкенінің алдында ұзынсонар кезек пайда болған. Жалпы халықаралық компаниялардың Ресей нарығынан кетуі салдарынан Ресейдегі сауда орталықтарындағы дүкендердің жартысы жабылып қалуы мүмкін. Сарапшылар бұл ритейлерлердің өздері үшін де тиімсіз дейді. Өйткені жалға алу туралы келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған. Оның үстіне қызметкерлерге өтемақы төлеу жағы тағы бар. Мамандар қызметін тоқтатқан компаниялар орнына Түркия мен Қытайдан бәсекелестері келуі мүмкін дейді.  

Ресей нарығынан кетіп жатқандар қатарында Бритиш Петролиум және Шелл компаниялары да бар. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, Шелл біртіндеп ресейлік қара алтыннан, мұнай өнімдері мен газдан бас тартады. Ал ең алдымен компания Ресейден мұнайды сатып алуын тоқтатады. Сондай-ақ жанармай құю бекеттерін жабады. Авиациялық отын мен майлау материалдарының өндірісін тоқтатады. Ал Феррари және Ламбаргини автомобиль концерндері де Ресей нарығынан уақытша кетеді. Дженерал Электрик машина жасау корпорациясы негізгі операцияларын тоқтатынын жеткізді. Дегенмен, компания медицина жабдығын жеткізуін жалғастыра береді.

Сондай-ақ...