Ресей дефолтқа ұшырайын деп тұр – S&P

S&P, Fitch & Moody халықаралық рейтинг агенттіктері Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингін төмендетті.

Ел дефолт алдында тұр деп бағалады. Сарапшылар Мәскеу өз қарыздарын өтей алатынына күмән білдіріп, санкциялар Ресей экономикасына орасан нұқсан келтіреді дейді. Ал елдің қаржы министрлігі,  мемлекеттің қарыздарын толық көлемде және дер кезінде өтеуге ниетті екенін мәлімдеді. Алайда 640 миллиард долларға бағаланған Ресейдің алтын-валюта қорының басым бөлігін Батыс елдерінде бұғаттап тастады. Яғни ақшасы болғанымен борышын өтеу қиындайды. 

Максим Чирков, экономист:

- Техникалық жағынан төлем жасау мүмкін болмайды. Салдарынан батыс нарығында Ресей мемлекеттік құнды қағаздарының бағасы төмендейді. Дегенмен, алдағы айларда, тіпті бірнеше жыл бойы ресейлік құнды қағаздарға сұраныс болады.

Ақпан айының соңынан бастап, Ресей азаматтарына шетелдегі банктердің есеп-шотына валюта аударуға тыйым салынды. Сондай-ақ елден 10 мың доллардан асатын қолма-қол валютаны шығаруға болмайды. Ресей Орталық банкі валюта айналым реттейтін жаңа ережелер енгізді. Жеке тұлғалар есеп-шотынан тек 10 мың доллардан аспайтын соманы ала алады, қалғаны тек рубльмен беріледі. Банктер валютаны азаматтарға сатпайды.