Қытайда бір тәулікте 2 мың адамға ковид жұқты

Қытай қатаң санитарлық шараларды күшінде қалдырған әлемдегі санаулы елдің бірі. Бейжің қаласында коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркеліп жатыр. Қазір шаһарда қысқы Паралимпиада және елдегі ең ірі саяси шара Парламент сессиясы өтіп жатыр. Қытайдың өзге аймақтарында да эпидахуал күрделі. Кеше елде 2 мыңнан аса науқас анықталды.

Бейжіңге елдің өзге аймақтарынан келу әлі күнге қиын. Бұл үшін ПТР-тест нәтижесі мен жасыл код қажет. Ал егер келуші тұратын елді мекенде коронавирус жұқтырған бір науқас анықталған болса, 14 күн карантинде болуы шарт. Ал Бейжіңнің өзінде ауру жұқтырғандар саны көп емес, бар-жоғы он шақты дерек. Дегенмен, билік дабыл қағып отыр, өйткені қалада Паралимпиада өтіп жатыр. Оған қоса жыл сайын өтетін парламент сессиясына мыңдаған депутат жиналды.

Пан Синхо, Бейжің қаласы ауруларды бақылау мен алдын алу орталығы директорының орынбасары:

- Бейжіңде індетті бақылау мен алдын алу ережелері қатаң. Аса қажет болмаса, қаладан кетпеуге нұсқау берілді. Жоғары және орта қауіп деңгейі жарияланған аудандарға, коронавирус тіркелген өңірлерге бармауға және Бейжіңнен тыс жерде ірі іс-шаралар мен конференцияларға қатыспауға нұсқау бердік. 

Осылайша Қытай індетке қарсы қатаң шараларын жеңілдетпейтін болды. Күн сайын елде 500-дей науқас анықталып жатыр. Олармен соңғы екі аптада қатынасқан адамдар бақылауға алынды. Ал елдің солтүстігіндегі автономиялық ауданда карантин жарияланды.

Александр Шунков, Маньчжурия қаласының тұрғыны:

- Бұл үшінші карантин, алғашқысы қыс басында жарияланып, бір ай бойы үйде отырдық. Ал екінші мен үшінші карантинның арасы небәрі бес күн болды. Бұл жолы бір адам ауырып қалып, бүкіл қаланы жапты. Тамақты тапсырыс арқылы аламыз. Қазір тек ірі дүкендер тауар жеткізіп, жұмыс істеп жатыр. 

Гонконгта індет дендеп кетті. Жергілікті ғалымдардың болжамынша, індеттің бесінші толқынында 4 миллионнан аса адам ауырады. Ал жалпы бұл шаһарда жеті жарым миллион тұрғын бар. 

Ботагөз Сырғабаева

Сондай-ақ...