Украина: перзентханаға әуе шабуылы жасалды

Украинадағы қақтығыс күн өткен сайын ушығып барады. Мариуполь қаласындағы перзентхана әуе шабуылының астында қалып, 17 адам ауыр жарақат алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зардап шеккендердің арасында дәрігерлер мен жүкті әйелдер де бар. Жергілікті билік жарақат алғандардың саны әлі де өзгеруі мүмкін дейді.  Әскерилер мен полиция қызметкерлері ауруханадағыларды шұғыл өзге жерге эвакуациялады. Жойқын жарылыстардан тағы бірнеше ғимараттың тас талқаны шыққан. Ел президенті Владимир Зеленский өзінің Twitter-дегі парақшасында Мариупольдегі шабуылды «айуандық» деп, қирандылар астында балалар да болғанын айтты.

– Әуе шабуылынан перзентхананың түгі қалмады. Қазір жарақат алғандарға көмек көрсетіп жатырмыз. Оларды қауіпсіз жерге эвакуациялау керек.

– Ресейлік басқыншылар өте ауыр қылмыс жасады. Мариуполь шаһарының қақ ортасын жермен жексен етті. Перзентхананың тас-талқанын шығарды. Әйелдер мен балалар зардап шекті. Бұл әскери қылмыс.

Қазір қала коммуникациядан үзілген. Аймақта өмір сүру мүмкін емес. Ал ел президенті Владимир Зеленский Батыс елдерін Украинаның әуе кеңістігін шұғыл «ұшпайтын аймақ» етуді талап етіп отыр.