Оңтүстік Кореяның жаңа президенті АҚШ-пен байланысты күшейтпек

Оңтүстік Кореяда да президенттік сайлау өтті. Дауыс беру нәтижесі бойынша елдің жаңа президенті болып Юн Сок Ёль сайланды. Оппозициялық саясаткер 48 жарым проценттен аса дауыс жинаған. Сарапшылардың пікірінше, жаңа президент АҚШ-пен арадағы байланысты күшейтуге ниетті. Ал бұл өз кезегінде Корея түбегіндегі жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін. Сайлаудан кейін Оңтүстік Корея сасясаты қалай өзгеруі мүмкін?

Соңғы уақытқа дейін 61 жастағы Юн Сок Ёль бүкіл елге танымал саясаткер ретінде саналған жоқ. Сеул ұлттық университетінде заңгер мамандығына оқыған ол адвокат болу үшін 9 рет емтихан тапсырған. Ал осыдан бес жыл бұрын сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сол кездегі президент Пак Кын Хеге қатысты тергеуші топты басқарғаннан кейін аты шыға бастады. Бұл даулы істің соңы президентке импичмент жариялаумен аяқталғаны белгілі. 2017 жылы Юн Сеул прокуратурасының басшысы, ал 2019 жылы елдің бас прокуроры болып тағайындалды. Бірақ былтыр ол прокуратураны реформалау жөнінде үкімет жоспарына наразылық білдіріп, қызметінен кетті. Президент лауазымы үшін бақталасатыны жайлы Юн Сок Ёль былтыр маусым айында жариялады. Осыдан бір ай өтісімен «Халық күші» аталатын оппозициялық партия қатарына кірді. Үміткер ретінде Қытайға қарсы ойын ашық айтумен ерекшеленген ол, Корея азаматтарының есебінен шетелдіктер медициналық қызметтерді тегін алады деген дәйектер келтірді.    

Сақтандыру төлемдерін алу үшін шетелдіктер Оңтүстік Кореяда 6 айдан аса уақыт тұруы керек. Алайда олардың балаларына бұл шарт тарамайды. Сондықтан олардың елімізге келіп, медициналық полисты пайдалануға мүмкіндігі бар. Ал емделгеннен кейін отанына оралады. 2021 жылы медициналық сақтандыру қызметін қолданған әр 10 адамның сегізі Қытай азаматы болған.

Юн мен партиядағы үзеңгілестері Солтүстік Кореяға қандай-да бір көмек беруге үзілді-кесілді қарсы. Жаңа президенттің пікірінше, Пхеньян жағынан төнген қатерден ел аумағында АҚШ-тың зымырандардан қорғану жүйесінің қосымша бөлімдерін орналастыру жолымен сақтануға болады.

Юн Сок Ель, Корея республикасының президенті:

– Бейбітшілік - құрғақ ұран емес. Біз бірігу, азаттық, бейбітшілік пен гүлденуді тілейміз. Бірақ мұның бәріне тек күш біріктіріп жетуге болады.

Ал экономикаға қатысты Юн Соктың берген басты уәделерінің бірі - жылжымайтын мүлік қымбатшылығы мәселесін шешу. Ол алдағы бес жылда екі жарым миллион үй салып, жылжымайтын мүлік салығын азайтатынын мәлімдеді. Бұрынғы президент жариялаған жасыл экономиканы құру стратегиясын да өзгертпек. Юн Сок Ёль Кореяны ядролық технологиялар саласында көшбасшы елге айналдыруға уәде берді. Дегенмен президенттер өз уәделерін кейде орындамайтыны белгілі. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын бұрынғы президент Мун Дже Ин Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты жақсартуға уәде берген еді. Ал қазір Сеул мен Пхеньян арасында байланыстар мүлдем үзілді. Жаңа мемлекет басшысының саясаты да Корей түбегінде ахуалды тұрақтандырмайтын сыңайлы.

Владислав Цой, Ольга Лян