Зеленский: Украинада бір де бір химиялық қару жасалған емес

Украина жерінде бір де бір жаппай қырып жою қаруы жасалған емес.

Владимир Зеленский Ресей ақпарат құралдарында "Украина химиялық қару қолданғалы жатыр" деген ақпаратқа қатысты осылай деп жауап қатты.

Айтуынша, мұндай мәліметтің таралуы керісінше Ресейдің осындай әрекетке баруы мүмкін екенін көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін өзін өзі жариялаған Донецк халық республикасының басшысы Денмис Пушилин Украинаға дрон арқылы қолданылатын химиялық қару жеткізілді деп мәлімдеген. Ал наурыздың 9-ы күні Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі украиналық ұлтшылдар арандатушылыққа баруы мүмкін деп айтқан еді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бізді биологиялық қару жасап, химиялық шабуылға дайындалып жатыр деп айыптауда. Бұл мені қатты алаңдатады. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарындағы айыптаулар мұндай әрекетке біз емес, керісінше олар баруы мүмкін екенін көрсетеді. Ресей әскерилері мен құпия қызметі осыны қалап отыр. Олар мұндай әрекетті өзге елдерде де жүзеге асырған. Алдымен осылай дүрбелең туғызады, артынша өздері ұйымдастырады. Егер тоқтатпаса олар мұны қайта-қайта жасай береді.