Германия жұрты Украина босқындарын өз үйінде тегін тұрғызуға дайын

Ресейдің Украинадағы әскери қимылы босқындар легінің күрт артуына әкелді. 2 миллионан аса адам елден кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болды. Олар негізінен Польша, Чехия, Румыния мен Германияға бет алған. Неміс билігі мұқтаж жандарды азық-түлік және баспанамен қамтудың қамына кірісті. Қарапайым тұрғындар да тыс қалған жоқ. Көбі босқындарды өз үйлерінде тегін орналастыруға дайын.

Күн сайын Берлинге Украинадан 10 мыңнан аса босқын келіп жатыр. Түгелі әйел, бала мен егде жастағы кісілер. Германия оларды жеңілдетілген жүйе бойынша қабылдап отыр. Яғни барлығы баспана мен медициналық сақтандырумен қамтылады. Ал кейін жұмыс істеуге де мүмкіндік алады. 

Ольга, босқын:

- Осыдан 11 күн бұрын жолға шықтық. Төрт күн Украина аумағымен жүріп Варшаваға жеттік. Онда 7 күн тұрдық. Енді үш баламен Германияға келдік. Біз таңқалдық. Алдымен поляктар, ал енді осында бізді құшақ жайып қарсы алды. Жалғыз қалдырмайды. Адасып қаламыз ба деп, қайдан көмек сұрауын ойладық. Әр адам бізді ертіп, қалаған жерімізге жеткізіп, қажет заттармен қамтиды. Қазір бізде бәрі бар, керегі жоқ дейтін болдым. Оған қарамастан бере береді. Алғысымыз шексіз.

Осы күндері Германияға Украинадан 80 мыңнан аса босқын барған. Саны көп болғандықтан неміс билігі қосымша пойыз жіберген. Босқындардың көбі үйлерінен түк алмай шыққан. Ал Берлиннің орталық вокзалында оларға қажеттінің бәрі бар. Тамағы мен дәрі-дәрмектен бастап жылы киімге дейін дайын. Берлин қаласының балалары украиналық құрдастарына өз ойыншықтарын табыстап жатыр. Көптеген орталық лық толған. Қарапайым халық та көмегін ұсынып отыр. Вокзалда жиналған жүздеген адамды өз үйлерінде тегін орналастыруға дайын.

Маргот, Берлин тұрғыны:

- Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде анам да бас сауғалап, оны мейірімді адамдар қабылдаған еді. Енді мен де соғыстан қашқан адамдарға көмектескім келеді. Бос пәтерім бар, онда шағын отбасы жайғаса алады. Баласы бар әйелге көмектескім келеді. Сондай-ақ тіл меңгеруге көмектесе аламын. Зейнетке дейін француз және ағылшын тілінің мұғалімі болғанмын. 

Кейбір босқындар үшін Берлин екінші үйініе айналады. Ал әрі қарай барғысы келетіндерге барлық жол ашық. Күн сайын қаладан Париж, Амстердам және Копенгагенге тегін автобус қатынайды.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский