Өзбекстан мақта экспортына рұқсат берді

Өзбекстан сыртқы нарыққа мақтаны қайта экспорттайтын болды. Өнімді шетел асыруға 2017 жылы тыйым салынған еді.

Мемлекетке «негізгі экспорттық тауарын жинауға кәмелет жасына толмаған балалар мен мұғалімдерді мәжбүрледі» деп айып тағылды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «Cotton Campaign» коалициясын құрып, өзбек мақтасына бойкот жариялады. Кейіннен бұл үндеуге әлемдік жеңіл өнеркәсіп саласындағы ондаған компания қосылды. Осы уақыт аралығында Өзбекстаннан бір де бір тонна мақта экспортталған жоқ. Үкіметтің қолға алған шаралары да нәтиже бермеген еді.

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің сенат төрағасы:

- 1 келі мақта жинаған адамға төленетін ақы 2015 жылмен салыстырғанда 10 есе көбейді. Еңбек құқығының қорғалуына тұрақты мониторинг жүргізілетін болды. «Cotton Campaign» комитеті мен халықаралық құқық форумының өкілдері арнайы зерттеу жүргізіп, шешімін өзгертті. Өзбекстандық мақта жинаушылар кәсібі заманауи стандарттарға негізделді. Экспорттауға салынған тыйымның күші жойылды.