Әлемде азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар қымбаттады

Оған Украинадағы қарулы қақтығыс пен Ресейге салынған санкциялар себеп болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның кесірінен жаһандық сауда құлдырады. Халықаралық валюта қорының өкілдері осылай дейді. Жалпы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс әлемдік экономикаға қалай әсер етті? Ақпанда әлемде азық-түлік бағасы қымбаттап, рекордтық деңгейге жеткен. Бұл туралы БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы хабарлады. Әсіресе сұйық май мен сүт өнімдерінің күрт қымбаттауы байқалып отыр. Бұл кейбір елдерде тасымалдың қиындауынан болып отыр. Сонымен қоса Украинадағы ахуал да жаһандық нарыққа әсер етпей қоймады. Өйткені әлемдік бидай экспортының 25 проценті Украина мен Ресейге тиесілі. Соның салдарынан астық бағасы 3 процентке өскен. Халықаралық валюта қорының өкілдері шиеленістің әсері Украина және Ресеймен тығыз байланысты елдерде қатты сезіле бастағанын айтады. Ресейдің өзінде кейінгі бір аптада жеңіл көлік, тұрмыстық техника, көкөніс, жеміс-жидек пен дәрі-дәрмек бағасы күрт қымбаттап кеткен. Билік тамызға дейін еуразиялық экономикалық одаққа дәнді дақылдардың шығарылуына шектеу қойды. 

Кристалина Георгиева, халықаралық валюта қорының басшысы:

– Санкциялар Ресей экономикасын құлдыратып жатыр. Ал ұлттық валютаның құнсыздануы инфляцияны күшейтеді. Салдарынан Ресей халқының басым бөлігінің сатып алу қабілеті төмендеп, тұрмысы нашарлайды. Мұның бәрі әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды.

ЕУРОПАДА ЭНЕРГИЯ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Украинадағы ахуалға байланысты әлемде энергия тасымалдаушылар да қымбаттап барады. Мұнай, газ мен уран бағасы рекордық деңгейге жеткен. Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Ресейден қара алтын импортын тоқтатқанын жария еткен. Еуроодақ өкілдері де Мәскеуге энергетикалық тәуелділік мәселесін талқылап жатыр. Алайда Германия Ресейдің энергетика саласына санкциялардың салынуына қарсы. Өйткені мұнайдың үштен бірі және газдың жартысынан астамы Ресейден жеткізіледі. 

Анна Блидер-Хинтерланг, экспедиторлық компанияның директоры:

– Украинадағы әскери іс-қимылдар дизельдік отын құнының шарықтауына себеп болды. Бізге қызметтіміздің құнын көтеруге тура келді. Өйткені компаниямыз шығынға батып жатыр. Бізге салық жағынан жеңілдіктер қажет. Сонда жағдайымыз сәл де болса жақсаратын еді. Әйтпесе біраз компанияға жабылып қалу қаупі төнуі мүмкін. Ол аздай бізде жүк көлігі жүргізушілерінің тапшылығы сезіліп отыр. Көбі Украина азаматтары болатын. Олар отанын қорғауға кетіп қалды.  

УРАН БАҒАСЫ КЕЙІНГІ 11 ЖЫЛДАҒЫ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ЖЕТТІ

Украинадағы ахуалға байланысты уран бағасы Фукусима атом электр стансасындағы апаттан кейін, яғни соңғы 11 жылдағы жоғарғы көрсеткіштерге жетті. Өйткені АҚШ «Росатомға» қарсы санкция салуы мүмкін деген күдік бар. Блумберг агенттігінің мәліметінше, әлемде байытылған уранның 35 проценттен астамы Ресейдің осы мемлекеттік корпорациясының үлесіне тиесілі. Сондықтан АҚШ-тың бірнеше энергетикалық компаниясының басшылығы Ақ үй өкілдерінен ресейлік уранның жеткізілуіне қатысты санкция салмауын сұрап отыр. Кері жағдайда шикізат бағасы, тиісінше электр энергиясының құны өсуі мүмкін.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева