Түркияда II халықаралық дипломатиялық форум өтіп жатыр

Дипломатияны қайта құру. Осындай атаумен Анталияда дипломатиялық форум өтіп жатыр. Екінші рет ұйымдастырылған халықаралық шараға 2,5 мың сарапшы келген. Оның 17-сі мемлекет және үкімет басшысы, 80 министр және 40-қа жуығы халықаралық қоғамдастық өкілі.

Биылғы Анталия дипломатиялық форумын халықаралық келіссөздер алаңы десе болады. Себебі әлем көз тіккен Украина-Ресей сыртқы істер министрлерінің кездесуі де осы шара аясында жүзеге асты. Айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Дегенмен, тараптар келіссөзді жалғастыруға уағдаласты.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

- Біз бүгін Президент Путиннің Украина Президенті Зеленскиймен жүздесуден бас тартпайтынын нақтыладық. Ерте ме, кеш пе мұндай кездесу болады. Алайда ол үшін Беларусьта өтіп жатқан келіссөздер арқылы нақты дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Әзірге үш басқосу өтті. Біз Украина тарапына нақты ұсыныстарымызды айттық. Енді нақты жауап күтеміз. 

Дмитрий Кулеба, Украина сыртқы істер министрі:

- Біз гуманитарлық мәселелерді жергілікті жерде шешуге күш салуды жалғастыруға келістік. Егер маңызды пікірталас пен шешімдерді іздеу перспективалары болса, мен осы форматта қайта кездесуге дайынмын.

Халықаралық шарада Түркия мен Арменияның дипломатиялық қатынастары жанданды. Қос елдің сыртқы істер министрі араға бірнеше жыл салып, екі жақты кездесу өткізіп, ресми Анкара мен Ереван арасында жаңа кезеңді бастады. Екі мемлекет 1990 жылдардан бері дипломатиялық қарым-қатынаста болмаған.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Сыртқы істер министрі: 

- Кездесуде біз дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату және шекараларды ешқандай шартсыз ашу бағытын қалыпқа келтіру ісін жалғастыруға уағдаластық.

Халықаралық жиынға президент Реджеп Тайип Ердоғанның арнайы шақыруымен Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Қазақстанның тұңғыш президенті Түркия президентімен кездесіп, бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты. Анталия дипломатиялық форумы ертең өз мәресіне жетеді.

Сондай-ақ...