Ресейде дефолт бола ма? Сарапшылар болжам жасады

Санкциялар соққысынан кейін Ресей қандай күйге түсті? Соған тоқталсақ. Шетелдік компаниялардың елден кетуі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бизнестегі ірі жобалардан бас тартып, жоспарларын кері қайтарып жатқандары аз емес. Ал Ресей ақшасы құнсызданып барады. Билік шетел валюта айналымын бақылауға алды. Кәсіпкерлер бұл күндер Ресей тарихында бизнес үшін қаралы апта деген атпен қалатын түрі бар деп отыр. Енді мамандар Ресей дефолт қаупімен бетпе-бет келді дегенді айтты. Бұдан әрі не болуы мүмкін?

Халықаралық рейтинг агенттіктері Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингін дефолтқа жақын деген деңгейде деп көрсетті. Сарапшылар Мәскеудің қарыз міндеттемелерін өтей алатынына күмәнмен қарайды. Оған қоса санкциялардың «деструктивті» әсерін күтіп отыр. Ресей Қаржы министрлігі егемендік қарыздарын толық және уақытылы өтейтінін, бірақ рубльмен төйлейтінін ескертті.

Максим Чирков, экономист:

- Қаржы тапшы емес, төлемдерді өткізуге техникалық мүмкіндік жоқ. Бұл ресейлік бағалы қағаздардың әрі қарай құнсыздануына себеп болып тұр. Иә, дәл кәзір батыс нарықтарында Ресейдің мемлекеттік бағалы қағаздары қатты құнсызданды. Бірақ бірнеше жылдан кейін олар бұрынғыдай жоғары сұранысқа ие болады.

Бұл жүз жылдан бергі Ресейдегі ең ірі дефолт болуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтсақ, Ресейдің ақшасы бар, бірақ оны жұмсай алмайды, өйткені дағдарыстан шығу үшін жинаған қаражат қоры АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және Канада банктерінде бұғатталды. Қазіргі жағдайдың 1998 жылғы дефолттан басты айырмашылығы, ол кезде мемлекеттің міндеттемелерді өтеуге қажетті қаражаты болған жоқ.

Дмитрий Журавлев, сарапшы:

- Техникалық дефолт бұл елдің экономикасына емес, беделіне соққы. Қазір техникалық дефолт болуы әбден мүмкін. Ол елдің төлем қабілеттілігі бойынша рейтингін төмендетсе де, шын мәнінде экономикаға онша әсер етпейді. Ал техникалық дефолт толық дефолтқа айналса, яғни елде мемлекеттік қарызды өтейтін қаржы болмаса, онда ұлттық валюта әлсірейтіні сөзсіз.

Батыс сарапшылары Ресей 15 сәуір күні дефолт туралы мәлімдеуі мүмкін дейді. Халықаралық валюта қоры Ресейді рецессияға итермелеген бұрын соңды болмаған қатаң санкциялар. Бұл оның экономикасын әлсіретіп, рубль бағамының төмендеуіне ықпал етеді деген болжам айтты. Дефолт ықтималдығы Украинадағы әскери қақтығыстың ұзақтығы мен санкциялардың мерзіміне байланысты болып тұр.

Ресей қор нарығы екі аптадан бері жабық. The Wall Street Journal сарапшылары бұны әлемдік нарық тарихындағы ең ұзақ үзіліс деп жазды. Ресей мен Украина арасындағы саяси шиеленіс күрделеніп, әскери қақтығыстар басталған күннен бастап Мәскеу қор биржасының индексі 33% төмендеді. Акция саудасы тоқтатылды. Лондон қор биржасында сатылатын ресейлік акциялар қазір 90%-ға арзандады. Үкімет ресейлік акцияларды қолдау үшін Ұлттық әл-ауқат қорынан 10 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр.

Василий Колташов, экономист:

- Акциялар бағасы күрт түспей тұрып, қор нарығын жапқанда рубльді қатты құнсызданудан сақтап қалу мүмкіндігі бар еді. Әрине, рубльдің құлдырауы болмағанда, ЕАЭО-ға кіретін басқа елдердің валюта нарығының ешқайсысында мұндай дүрбелең болмас еді. Теңгенің де жағдайы жақсырақ болар еді. Қор нарығы әлі де ұзақ уақытқа жабық болады. Ал қайтадан ашылғанда, әлемдік шикізат бағасының өсуіне байланысты ресейлік бағалы қағаздар да қымбаттайтыны анық.

Ресей бұрын-сонды болмаған қатаң санкциялар құрсауында. Сауда байланыстары үзілді, халықаралық компаниялар Ресей нарығынан кетіп жатыр. Жергілікті билік валюта айналымын бақылауға алды. Енді бизнес жүргізу тым қиындап кетті. Өткен апта Ресейдің жоғары технология саласы үшін қаралы аптаға айналды. Рубльдің құнсыздануы, шетел валютасын елден шығаруға тыйым, телекоммуникациялық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету алпауыттарының ресейлік нарықтан кетуі – осының барлығы IT секторда дүрбелең туғызды. Сала мамандарының көбі елден кету туралы шешім қабылдады. Аптаның басында сарапшылар елден кетуге бекінген программисттердің саны бес мың деп есептесе, апта соңына қарай ондаған мың адамға жетті. Қызметкерлерін елден көшіру үшін кәсіпкерлер чартерлік рейстерге тапсырыс бере бастады. Мамандардың бір бөлігі Қазақстанға бет алған. Қазақстан ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша жыл басынан бері 39 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алды. Олардың 9 мыңға жуығы – Ресей азаматы.

Сугра Гаджиева, байланыс агенттігінің бас директоры:

- Қазір Қазақстанға көшіп жатқан компанияларға келетін болсақ, олар көп емес. Бұл компаниялардың Қазақстанда өз өкілдіктері одан бұрын болған. Есеп айырысу қатынастарының тоқтатылуына байланысты, әрине олар төлем жасау үшін Қазақстанда орналасқан кеңсені пайдалануға мәжбүр.

Программистермен қатар журналистер де Ресейден кетіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, олардың қатары көбеймесе, азаймайды. Әзірге болжам экономикалық оқшаулану алдында ондаған мың адам елден кетуге мәжбүр болады.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров